Павлодар облысында 300-ден астам жоғалған мал өз иелеріне қайтарылды, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Павлодар облысында полицияның «Мал ұрлаушы» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында бірқатар маңызды жұмыстар атқарылды. Бұл шара мал ұрлығын болдырмауға, қылмысты дер кезінде анықтап, кінәлілерді жауапкершілікке тартуға бағытталған.
Аталған шара барысында полиция 500 көлік құралын, ет өнімдерін сатумен айналысатын 200-ге жуық сауда орнын тексеріп, нәтижесінде ветеринарлық заңнаманы бұзғаны үшін 11 адамға 400 мың теңгеден астам айыппұл салды. Сонымен қатар, малды еркін жаю ережелерін бұзғаны үшін 42 адам әкімшілік жауапқа тартылды, ал 500 бас қаңғыбас мал арнайы қораларға орналастырылды.
Полиция қызметкерлері мал ұрлығына күдікті жеті адамды анықтап, ұстады. Бұл қылмыскерлердің әрекеттері жүздеген мал иелеріне залал келтіргені белгілі болды. Жедел шараның нәтижесінде 300-ден астам жоғалған мал өз иелеріне қайтарылды.
Сонымен қатар полиция қызметкерлері 400-ден астам шаруа қожалықтарын, шалғай елді мекендер мен фермаларды аралап, мал ұрлығына қарсы күрес шаралары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Полиция өкілдері ет пен малдың заңсыз саудасы тек заң бұзушылық емес, сонымен қатар тұрғындардың денсаулығына да қауіп төндіретінін атап өтті. Ветеринарлық сертификаттарсыз және қажетті құжаттарсыз сатылатын ет өнімдері тиісті қауіпсіздік тексерісінен өтпегендіктен, тұтынушылар үшін қауіпті болуы мүмкін.
Ал қаңғыбас мал тек қылмыскерлердің нысанасына айналып қоймай, трассаларда көлік апаттарына да себепкер болуы мүмкін.
Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі азаматтарды сақтық шараларын ұстануға, малды арнайы қораларда ұстауға және заңсыз саудаға қарсы күресте полициямен бірлесе әрекет етуге шақырды.
Бұл іс-шаралар аймақ тұрғындарының мүлкін қорғауға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған кешенді жұмыстың маңызды бөлігі болып табылады.