Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ғалымдардың қатысуымен еліміздегі атом энергетикасын дамыту перспективалары қаралды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мәселені талқылау қорытындысы бойынша энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев «Республикалық референдум өткізу туралы» ҚР Президенті Жарлығының жобасы туралы» Үкімет қаулысының жобасын қарауға енгізуге ұсыныс жасады.
«Референдум өткізу атом энергетикасын дамыту және еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде салмақты шешім қабылдауға көмектеседі. Бүгін біз тарихи оқиға қарсаңында тұрмыз. Біз, қазақстандықтар, елімізде тұрақты, экологиялық таза және үнемді электр қуатының болуы үшін маңызды шешім қабылдауымыз керек. Бұл біздің болашағымызды айқындайтын шешім», — деді Алмасадам Сәтқалиев.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов Қазақстанда атом энергетикасын дамыту мәселесі көптен бері көтеріліп келе жатқанын және бұл саланың келешегі зор екенін атап өтті. Бүгінде елімізде ядролық отын өндірісі толықтай дерлік игерілген, шағын реакторларды пайдалану тәжірибесі жинақталды. Бұл бағытта мамандар мен ғалымдарымыз да бар. Кадр даярлауға да көңіл бөлініп келеді.
Сондықтан атом энергетикасын дамытудың келесі кезеңіне көшу дұрыс қадам болып отыр. Бұл әсіресе, еліміздің энергетикалық инфрақұрылымына жүктеме артуының маңызы айрықша.
Премьер-Министр бүгінде Қазақстан энергетикалық қуат тапшылығын тартып отырғанын атап өтті. Егер мәселені осы бастан шешпесе, онда экономиканың әрі қарай өсуіне қажетті электр энергиясын үлкен көлемде сатып алуға тура келеді.
Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің мәліметінше бүгінде әлемнің 31 елінде 415 ядролық энергоблок жұмыс істейді. Қазіргі уақытта 15 мемлекетте, соның ішінде Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания мен Түркияда жаңадан 61 атом станциясының құрылысы жүруде.
Өйткені жаһандық күн тәртібінде көміртегі бейтараптығы мәселесі тұр. Осы тұрғыдан алғанда да аталған мәселенің маңызы арта беретін болады.
Бұл ретте жаңартылатын қуат көздері тұрақты энергиямен қамтамасыз ете алмайды. Қазақстанда су электр стансаларының әлеуеті шектеулі, өйткені энергия өндіру үшін талапқа сай келетін өзендер жоқтың қасы. Бүгінде елімізде ЖЭО-ның кейбірін газға ауыстырып, жаңа бу-газ қондырғыларын салып жатырмыз. Алайда, экономиканың дамуы мен халық санының өсуін ескерсек, келешекте ол да электр энергиясының тапшылығын жабуға жеткіліксіз болады.
Атом энергетикасын дамыту – біз үшін болашағы өте зор бағыт, деп атап өтті Үкімет басшысы.
Заманауи Атом электр стансалары көп деңгейлі қауіпсіздік жүйесімен жабдықталған. Қазақстанда Атом электр станциясын салу туралы шешім қабылданған жағдайда оны жобалау, салу және пайдалану кезінде МАГАТЭ-нің халықаралық қауіпсіздік стандарттары қатаң басшылыққа алынатын болады. Сонымен қатар шикізат базасы өзімізде, яғни уран бағасының ауытқуы бізге әсерін тигізбейді. Бұл электр энергиясына тұрақты әрі болжамды тарифтерді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Біздің еліміз сияқты ең көп энергия пайдаланатын экономиканы дамытуға дәл осы атом энергетикасы негіз болып, халықтың тұрмыс деңгейін одан әрі арттыруға мүмкіндік беруге тиіс. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, атом энергетикасы экономиканың көптеген салаларында инновацияларды қолдануға ынталандырады. Әрі отандық өнеркәсіптің дамуына да үлкен серпін береді. Сондықтан біз өзімізде баламасы жоқ тұрақты және сенімді энергия көзінен тыс қала алмаймыз», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Мәселені қарау қорытындысы бойынша дауыс беру жүргізілді. Ұсынылған Үкімет қаулысының жобасы бірауыздан қолдау тапты.
Энергетика министрлігіне Үкімет Аппаратымен бірлесіп Президент Әкімшілігіне Жарлық жобасын енгізу тапсырылды.