Павлодар облысына жұмыс сапары барысында Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин суару мәселелері бойынша республикалық кеңес өткізді, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Ауыл шаруашылығы, су ресурстары және ирригация министрліктерінің, түрлі өңірлер мен аудандар әкімдіктерінің, АӨК саласындағы қаржы институттарының, инвестициялық жобалардың басшылары, фермерлер мен отандық техника мен суару жүйелерін өндірушілер бас қосып, өз өңірлерінде тиімді суару жобаларын енгізу кезіндегі перспективаларды, мүмкіндіктер мен қиындықтарды талқылады.
Серік Жұманғарин Павлодар облысында еліміздің басты су жолдарының бірі – Ертіс өзені өтетінін атап өтті. Облыстың жобаларды жүзеге асыруда және заманауи суару әдістерін енгізуде тәжірибесі мол. Қазіргі басты міндет – жеңілдетілген несие алатын ирригациялық жобаларды таңдау тәсілдерін зерделеу және анықтау.
Бұдан бөлек, вице-премьер былтыр Үлкен жоба аясында қолжетімді қаржыландыру түріндегі мемлекеттік қолдау 65 тауарлы-сүт фермасын салуға бөлінгенін еске салды. Бұған Солтүстік Қазақстан облысының 100 тауарлы-сүт фермасын салудағы оң тәжірибесі мұрындық болды.
«Мемлекет басшысы 2023 жылғы Жолдауында мемлекет пен бизнес арасындағы табысты әріптестіктің бұл үлгісін атап өтіп, негізгі азық-түлік өнімдері бойынша елдің импортқа тәуелділігін төмендету үшін оны ауыл шаруашылығының басқа салаларында қолдануға тапсырма берді. Биыл Үлкен жоба бойынша көкөніс сақтау қоймаларын, құс фабрикаларын салу мен суару, мал шаруашылығы жобаларын іске асыруға 100 млрд теңге көлемінде қаржыландырудың екінші траншы бөлінді. Бүгін біз кеңеске жұмыс істеп тұрған және әлеуетті отандық суару жүйелеріне арналған жабдықтарды өндірушілерді, суару жобалары бойынша тәжірибесі бар фермерлерді шақырдық. Жаңбырлату техникасы мен тамшылатып суару жүйелерін таңдау кезінде отандық өндірушілерге артықшылық беру қажет. Бізде Metzer Kazakhstan, BNK irrigation, Samal commodities, «Келет» АҚ сынды табысты кәсіпорындар бар», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.
Суару әдiстерi – табиғи су айдындарынан су жеткiзу немесе жасанды су қорларын салу. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің айтуынша, биыл Қазақстанда 1,58 млн га суармалы жер игеріледі. Оның ішінде 1,1 млн га немесе 74%-ы жер үсті тәсілімен суарылады, 97,9 мың га – бұл күріш алқаптарын суға бастыру, 227,3 мың га немесе 14,3%-ы, заманауи жаңбырлатып суару жабдықтары пайдаланылады, 97,9 мың га немесе 6,2%-ы – тамшылатып суарылады.
«Соңғы 5 жылда ел аумағында су үнемдеу технологияларын қолданатын суармалы жерлердің ұлғаюы байқалады. 2019 жылдан бастап мұндай аумақ 33%-ға ұлғайып, 210,6 мың гектардан 279,6 мың гектарға дейін жетті. 2023 жылы бұл көрсеткіш 312,2 мың гектарға дейін жеткізілді», — деді Аманғали Бердалин.
Су ресурстары және ирригация вице-министрі Нұрлан Алдамжаров атап өткендей, бүгінде ауыл шаруашылығының суды тұтыну үлесі жалпы суды пайдаланудың 65%-ын құрайды. Барлық су тұтынудың 97%-ы немесе ел бойынша барлық суармалы алқаптың 78%-ы немесе жалпы аумағы 1,4 млн га суармалы жері бар елдің оңтүстігіндегі Алматы, Жетісу, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарына тиесілі. Суармалы егістік суды тиімді пайдаланудың төмен коэффициентімен сипатталады. Судың негізгі шығыны да осы салаларда орын алады.
«2023 жылдың қорытындысы бойынша 1,8 млн гектар суармалы жердің 17%-ына (312 мың га) ғана су үнемдеу технологиясы қолданылады, бұл расымен өте төменгі деңгей», — деп атап өтті су ресурстары және ирригация вице-министрі.
Жиында отандық және шетелдік өндірушілер суару жүйелері мен жабдықтардың өндірістік мүмкіндіктері мен технологиясын таныстырды. Атап айтқанда, «Келет» АҚ вице-президенті Александр Пап сорғы станцияларын пайдалану тәжірибесіне тоқталды. Бүгінгі таңда Павлодар облысында 45 суармалы жобада отандық өндірушінің сорғылары пайдаланылса, Жамбыл облысындағы қант қызылшасын өндіруші «Қызылша Ж» ЖШС да оларды пайдаланады, сондай-ақ сорғы станцияларының санын көбейтуді жоспарлап отыр.
BNK Irrigation жаңбырлату машиналарын жасаумен айналысады. Зауыт Түркістан облысында орналасқан. Биыл ӘКК-мен бірлесіп жаңбырлату машинасының әрбір түйіскен жерін роботтар дәнекерлейтін жаңа автоматтандырылған цех іске қосылды. Зауыт жылына 1000 машинаға дейін шығаратын қуаттылыққа ие. 2024 жылы тағы бір цехты іске қосу жоспарланған, онда мырыштау желісі салынады. Компания өкілі Ниязәлі Бейсенбаев атап өткендей, бұл суаруға қажеттінің барлығын өндіріп, суару жобаларын іске қосатын Қазақстандағы жалғыз кәсіпорын.