– Қызылша бойынша эпидахуал әлі де тұрақсыз. 2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда қызылша жұқтырудың 29 648 жағдайы тіркелген. Биыл 1 қаңтардан бастап тағы 1674 жағдай тіркелді, - деді үкімет кулуарында Есмағамбетова Ulysmedia.kz тілшісінің сұрағына берген жауабында.
Оның айтуынша, қазір үш өңірде қызылша жұқтырудың тенденциясы төмендеген (Шымкент, Ұлытау мен Жамбыл облысы). Алты өңірде жұқтырудың жағдайы тұрақталған. 11 өңірде әлі де қараша мен желтоқсанды салыстырғанда қызылша жұқтырудың өсімі байқалады.
Айжан Есмағамбетова күнтізбе ережесіне сай балаларды иммундау жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтады.
– 2023 жылдың 6 айының ішінде 700 мыңға жуық балаға екпе салынды. Қарашадан бастап қызылшаға қарсы екпе жалғасуда. 5 жасқа дейінгі балалар, медицина қызметкерлері мен иммундауды өткізіп алған 18 жастағы балаларға екпе салынып жатыр, - дейді ол.
Ал үкімет отырысында премьер-министр қызылша бойынша эпидахуалды «соңғы 10 жылда болмаған» жағдай деп атады. Оның айтуынша, елде қызылша жұқтырғандар саны 30 мыңнан асқан. 80 пайызға жуығы 14 жасқа дейінгі балалар.
– Ата-аналар балаларына екпені әдейі салғызбай бас тартып отыр. Мұның соңы ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Жағдайды реттеудің жалғыз жолы – екпе салу. 1,5 млн доза сатылып алынған. Сол үшін 3 млрд теңгеден астам қаражатты резервтен бөлдік. Десе де өңірлерде иммундау деңгейі өңірлерде төмен, - дейді ол.