Полиция өкілінің айтуынша, ағымдағы жылдың 1 шілдесінен, яғни отбасындағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейтілгеннен бастап бүгінгі күнге дейін Шымкент қаласы бойынша полицияның 102 телефон нөміріне отбасылық жанжал туралы 3304-ге жуық шақырту түскен. Сондай-ақ, жалпы саны 2485 құқық бұзушыға қатысты әкімшілік іс сотқа жолданған.
Осы ретте айта кеткен жөн, мұндай құқық бұзушылықтардың шаһарда алдын -алу мақсатында «Тұрмыс», «Зорлық-зомбылықсыз отбасы», «Отбасындағы зорлық-зомбылықты тоқтатамыз» және «Зорлық-зомбылықа қарсы 16 күн» белсенділік акциялары мен жедел-профилактикалық іс-шаралары өткізілген. Үкіметтік емес ұйымдары және әлеуметтік арнаулы көмек көрсету орталықтарымен бірлесіп, азаматшаларға психологиялық, құқықтық және өзге де көмектер көрсетілуде.
Осы уақыт аралығында 91 әйел арнаулы көмек көрсету орталықтарына орналастырылды. Әлеуметтік ортамен жүргізілген жұмыстар барысында 146 жайсыз отбасы есепке алынып, олармен тиісті жұмыстар жүргізілуде.
«Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған жұмыстар ерекше бақылауда», – деді Ермахан Абдраманов.
Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев саяси реформалар жарияланғаннан кейін бірден тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны күшейту туралы тапсырма берген болатын.«Бүгінгі күні азаматтар мен қоғам белсенділері әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатайту қажеттігі туралы жиі айта бастады. Бас прокуратураға бұл мәселені жан-жақты зерттеп, мәселені шешуді тапсырамын»,-деп атап өтті Президент.