Бүкіләлемдік иммундау күніне орай Шымкентте «Біз вакцинациялауды қолдаймыз!» ұлттық бағдарламасы аясында ақпараттық акция ұйымдастырылды. Қалалық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы № 1 қалалық емханамен бірлесіп, маңызды шараға ат салысты.
Аталмыш акция 2021-2025 жылдарға арналған «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау ұлттық жобасын тиімді іске асыру шеңберінде қолға алынған. Шара барысында қала тұрғындарына алғашқы медициналық көмек көрсетідің тәсілдері түсіндірілді. Және өзге де аурулардың алдын-алу жұмыстарын жүргізу үшін иммунолог, жалпы тәжірибелі дәрігерлер де жұмылдырылды.
Жұқпалы аурулардан қорғанудың ең тиімді және кейде жалғыз тәсілі вакцинация болып табылады. Вакцинациялау иммунитетті күшейту және ағзаны көптеген ауыр вирустық және бактериялық жұқпалы аурулардан қорғау үшін жүргізіледі. Эпидемиялық саулықты сақтау үшін кемінде 95% балалар мен 90% ересектерді екпемен қамту қажет, - деп атап өтті Шымкент қалалық № 1 емхананың балалар дәрігері Зәуре Бәйдібекова.
Шараның мақсаты - Президент жолдауында айтылған медицинаның қолжетімді тетіктерін арттыру, халықтың өмір сүру жасын ұлғайту, халық пен медицина қызметкерлерінің ақпарат алу сапасын арттыру. Сонымен қатар вакциналаудан бас тартумен байланысты қауіп-қатер мен оның салдарына жұрттың назарын аудару. Өйткені, соңғы кездері вакцинацияға қатысты теріс пікір қалыптастырушылар қатары артып, жұртты әбігерге түсіріп жатқан жағдаяттар аз емес. Сондықтан, қарапайым халықты дұрыс ақпараттандыру мен оның маңызын түсіндіру бүгінгі жиынның өзегі боп қала бермек.