Қызылша жұқтарған науқастың көптігінен облыстық көпбейінді балалар ауруханасында кереуеттер дәлізге дейін қойылыпты, деп мәлімдеді ktk телеарнасы. Науқастардың көбі қызылша, бронхиолит және пневмониямен түскен.
"Түнде дәлізде 8 ана жаттық, салқын болды. Ингаляторды үйден алып келдік. Балаларымызды сыртқы киіммен ұйықтаттық. Уайыммен ұйықтадық. Екі палата босап, соған ауыстырды".Ғалия Қайратқызы
Аурухана басшылығы жұқпалы аурулардың күрт көбеюіне байланысты инфекциялық бөлімшедегі төсек саны алыпстан сексенге дейін көбейтілгенін айтқан. Бірақ түнгі мезгілде қызылшамен ауырғандардың көп келуіне байланысты бәріне орын жетпеген.
Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бибізада Дүйсенбаева эпидахуалдың өршуіне байланысты науқастар қаланың басқа шетіндегі модульді стационарға көшіріліп жатқанын мәлімдеді.
"Бір жасқа дейінгі балалардың 39-ы жатыр. Жалпы саны – 91. Сондықтан модульдік жаңа стационарға көшіргелі жатырмыз. Қазір "С" блокты дайындадық. Қабылдау бөлімі "С" блок арқылы өтеді және жанындағы блоктарды да дайындаймыз".Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бибізада Дүйсенбаева
Қазақстанда 90 жүкті әйел қызылша жұқтырған. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният 29 қарашада Орталық коммуникациялар қызметінде қызылша ауруы жүктілікті жасанды жолмен үзуге негіз болмайтынын айтты.