Алматыда есірткі сатушыдан гашиштің ірі партиясы тәркіленді, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
“Құқықтық тәртіп” ауқымды іс-шарасы барысында есірткі сатушы Әуезов аудандық ПБ-ға қарасты полиция бөлімінің әріптестері мен “Бүркіт” атты қызметтік-іздестіру итінің көмегімен экстремизмге қарсы күрес бөлімшесінің қызметкерлері жүргізген арнайы іс-шара нәтижесінде ұсталды.
– Бұрын есірткі қылмысы үшін сотталған 1978 жылы туған М.есімді азамат ұсталды. Оны жеке тінту кезінде құрамында ерекше иісті өсімдік тектес заты бар 3 қағаз бума табылды және тәркіленді. Ұсталған азаматтың тұрғылықты жерінен осыған ұқсас зат салынған тағы 29 бума мен 13 полиэтилен байламы табылды. Сот-химиялық сараптамасының қорытындысына сәйкес, тәркіленген шөп жалпы салмағы 1 келі 336 грамм болатын гашиш есірткісі екені расталды. Бұл дерек ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді, – деді Әуезов аудандық ПБ-ға қарасты полиция бөлімінің бастығы Еділхан Байғараев.
ҚР ҚК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді. ҚР Конституциясының 77-бабы 3-бөлімі 1-тармағы, ҚР ҚК-нің 19-бабы 1-тармағына сай кез келген азамат сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін кінәсіз деп саналады.