ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары палатаның жалпы отырысында зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт бойы жұмыс істейтін азаматтарға 55 жастан бастап зейнеткерлік жасқа толғанға дейін арнайы әлеуметтік төлем енгізуді көздейтін заңнамаға түзетулерді қарап, оны екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтқан тапсырмасын орындау үшін, зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік қорғау деңгейін арттыру мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік әріптестерді, оның ішінде Қазақстан кәсіподақтар федерациясын тарта отырып, заңнамалық түзетулер топтамасын әзірледі.
Түзетулер Азаматтық, Еңбек, Әлеуметтік кодекстерге және «Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы» заңға енгізіледі.
Заңнамалық түзетулердің негізгі мақсаттары мен міндеттері: зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін жұмыскерлерге арнайы әлеуметтік төлем енгізу; жұмыскердің еңбек міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесін жетілдіру; өтпелі кезеңдегі регресшілерге сақтандыру төлемдерін алу құқығын беру болып табылады.
Арнайы әлеуметтік төлемдерді тағайындаудың міндетті шарттары мынадай: 55 жасқа толу және соңғы 7 жылда БЖЗҚ-ға кәсіптік зейнетақы аударымдарының болуы.
Арнайы әлеуметтік төлем бірнеше компоненттен тұрады және төрт қаражат көзінен төленеді: республикалық бюджеттен 2 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде арнайы кәсіптік жәрдемақы; өмірді сақтандыру жөніндегі компаниялардан 1 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде; жұмыс берушілердің қаражаты есебінен 1 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде, БЖЗҚ-дан міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен. Бұдан басқа, жұмыскерлерге БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарын ескере отырып, міндетті зейнетақы жарналары есебінен төлемдер алу құқығы беріледі.
Төлем зейнеткерлік жасқа дейін төленеді. Арнайы төлемдерді алу үшін еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналыспауға тиіс. Яғни, жұмыскерлер жеңіл жұмысқа ауыса алады (жалақы мен төлем алады) немесе демалысқа шығып, зейнетке шыққанға дейін төлем ала алады.
Сондай-ақ, заңнамалық түзетулер бойынша жұмыскерді еңбек міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жүйесін жетілдіру көзделеді, атап айтқанда:
- өмірді сақтандыру компанияларының алдын алу шараларына жұмсаған шығыстарын төленген сақтандыру сыйлықақысының 6 %-на дейін өтеуі;
- өмірді сақтандыру компанияларының оңалту шараларына жұмсаған шығыстарын төленген сақтандыру сыйлықақысының 6%-на дейін өтеуі;
- өмірді сақтандыру компанияларының зардап шеккен жұмыскерді санаторий-курорттық емделуін 100 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде төлеуі;
- жазатайым оқиға нәтижесінде келтірілген зиянды өтеу (сақтандыру төлемі) мөлшерін айқындау кезінде жұмыскердің кінәсін болдырмау.
Арнайы әлеуметтік төлемдерді енгізу мемлекеттің, жұмыс берушінің және жұмыскердің ортақ жауапкершілігін қамтамасыз етеді және зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдардың әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.