«Қазгидромет» РМК Алматы қаласы филиалы метеорологиялық болжамдар бөлімінің бастығы Дәулет Қисебаевтың айтуынша, Алматыда алдағы аптада ыстық ауа райы әлі сақталады.
«Таулы аудандарда, жекелеген шатқалдарда өткінші жаңбыр жауып, күн күркірейді. Бірақ, бұл негізінен орта таулар мен теңіз деңгейінен 2000 метрден жоғары биік тауларда күтіледі. Қатты ыстық Иран, Ауғанстан, Ирактың аумақтарынан ыстық және құрғақ ауа массаларының Орталық Азия арқылы республиканың оңтүстік жартысына шығарылуына байланысты болады»,- деді ол.
Қазгидрометтің мәліметіне сәйкес, 22 және 23 шілдеде термометр бағандары 36-38 градус, түнде 21-23 градус жылуды көрсетеді. Сондай-ақ, көшпелі бұлт шығады, жауын-шашынсыз болады деп болжануда. Шілде айының үшінші онкүндігіне Алматы қаласы бойынша консультативтік ауа райы болжамы ұсынылды. Оған сәйкес, 24-27 шілдеде көшпелі бұлт шығады, жауын-шашынсыз болады деп күтіледі. Ауа температурасы түнде + 23+25°, күндіз + 36+38°. 28 шілдеде көшпелі бұлт шығады, өткінші жаңбыр жауады, күн күркірейді.
Ауа температурасы түнде +25+27°, күндіз +35+37° болады. 29-31 шілдеде көшпелі бұлт шығады, өткінші жаңбыр жауады, күн күркірейді. Батыста екпіні 13 м/с болатын жел соғады, түнде ауа температурасы +23+25°, күндіз +30+32° болады. Алматы қалалық ТЖД қала тұрғындары мен қонақтарын ыстық өтуден және дене шынықтырумен айналысу үшін көшеге серуендеуден бас тартуға шақырды. Еске салайық, алматылық дәрігерлер ыстықта денсаулықты қалай сақтау керектігі туралы кеңестер берген болатын.