Теңіз жануарының жаппай қырылғаны туралы хабарлама Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығына 7 қараша күні сағат 19.30-да келіп түскен, содан кейін мамандар оқиға орнына барған.
"Қазіргі уақытта жағалауды зерттеу жұмыстары жалғасуда. Облыс әкімдігі мен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Балық шаруашылығы комитеті итбалық өлексесін жинауға қызметкерлер мен көлік бөлді. 8 қарашадағы жағдай бойынша (17:00), 101 итбалық өлексесі табылды. Қазіргі уақытта теңіз жануарларының қалдығы ыдыраған күйде болғандықтан, өлім себептерін білу үшін тін үлгілері зертханалық сараптамадан өткізуге қаншалықты сай екені анықталуда", - дейді Каспий итбалығын зерттеу және қалпына келтіру орталығының директоры Әділхан Товасаров.
Қазіргі таңда орталық мамандары Балық шаруашылығы комитетімен бірлесе отырып, осыған ұқсас фактілерді анықтау және өлі жануарларды табу мақсатында Каспий теңізінің басқа да аймақтарында барлау жұмыстарын жүргізуде. Мамандардың сөзінше, зертханалық зерттеулер үшін итбалықтардың өлген жерінен су мен топырақ үлгілері де алынады. Еске сала кетейік, маусым айындағы жағдай бойынша, жыл басынан бері Каспийден 219 итбалықтың өлексесі анықталғаны хабарланған болатын.