Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың тапсырмасы бойынша ҚР ІІМ М.Есболатов атындағы Алматы академиясында “Полиция және БАҚ: өзара іс-қимыл және қарсы іс-қимыл, ақпарат және жалған ақпарат” тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Кездесу ZOOM платформасын қолдана отырып, аралас форматта өтті,деп хабарлайды kazlenta.kz.
Іс-шараға ведомствоның, Алматы академиясының және Полиция департаментінің қызметкерлері, сондай-ақ, адам құқықтары жөніндегі уәкіл, БАҚ, жергілікті билік органдарының өкілдері және қоғамдық пікір көшбасшылары қатысты.
Дөңгелек үстел барысында соңғы уақытта сенімсіз, жалған ақпараттық контенттің өсуі байқалатыны атап өтілді.
Ақпараттық шабуылдар мен жалған фактілерді тарату, арандатушылық тақырыптарды айналдыру әлеуметтік шиеленісті тудырады және ішкі саяси жағдайды тұрақсыздандыруға қабілетті. Бұған мысал ретінде қаңтардағы оқиғалар туралы жалған материалдарды қарастыруға болады.
Кездесуге қатысушылар ішкі істер органдарының бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимылы, сондай-ақ, ақпараттық шынайылық пен полицияның ашықтығы мәселелерін талқылады.
“Бүгін біз деструктивті, теріс, әділетсіз, жалған ақпарат туралы айтып отырмыз. Оның еркін таралуы қоғамның бөлінуіне, сенімсіздіктің, хаостың өршуіне әкелуі мүмкін. Кейбір кәсіпқойлар өздерінің тұжырымдарын бере отырып, полицейлердің кәсібилігіне тағы да сөз тигізіп, қызметтеріне көлеңке түсіруде. Мұндай сарапшы өз саласында білікті болуы мүмкін, бірақ полицияның іс-әрекетіне қатысты ол қатты қателеседі”, – деді Алматы қаласының әкімі жанындағы Отбасы істері және гендерлік саясат жөніндегі қалалық комиссияның мүшесі Айгүл Шөпшекбаева.
ІІМ Имидждік және идиологиялық жұмыс департаментінің бастығы Альбина Махамбетованың айтуынша, жалған ақпараттың теріс әсерін азайту және халықты нақты жағдай туралы толық жедел хабардар ету үшін полиция мен БАҚ арасында тығыз өзара іс-қимыл және ынтымақтастық ұйымдастырылған.
“Polisia.kz ақпараттық медиа-порталы 2 жылдан бері жұмыс істеп келеді, онда ведомствоның және оның бөлімшелерінің жұмысы туралы сенімді ресми ақпарат жарияланады. Баспасөз қызметі барлық БАҚ өкілдерімен тығыз байланыста. Апта сайын Министрліктің әлеуметтік желілерінде тікелей эфирде брифингтер өткізіледі. ІІМ және оның аумақтық бөлімшелерінің парақшаларына жазылушылар саны миллион адамға дейін өсті”, – деп атап өтті А.Махамбетова.
Айта кету керек, қазіргі уақытта әрбір ПД, ПБ және АПБ-да фронт-офистер ашылған. Азаматтарды қабылдау тұрақты негізде жүргізіледі. Учаскелік инспекторлардың тұрғындармен жалпы чаттары жұмыс істейді.
“Түнде жұлдыздар пайда болатыны сияқты, қиындықтар туындаған кезде ер адамдар көмекке келеді. Біздің ер полицейлер Отанымызды, сіз бен бізді үлкен апаттан қорғады. Ел тәуелсіздігін, бірлігін, тұтастығын сақтап қалды. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың жұмысын атап өту маңызды. Осындай қиын уақытта ол жұмысты ұйымдастырып қана қоймай, сонымен бірге халықпен байланыста болды. Ол – БАҚ арқылы қоғаммен жиі және ашық байланысқа шығатын министрлердің бірі”, – деп атап өтті ҚР ІІМ Алматы академиясы ардагерлер кеңесінің төрағасы Талап Қабденов.
Қатысушылар медиа-ресурстар санының артуы айтарлықтай бәсекелестік ортаны құрғанын атап өтті, онда БАҚ көрермендер үшін күресте резонанстық ақпаратты қалайды, журналистерді “қуырылған” жаңалық іздеуге бағыттайды.
“Сенсацияға ұмтылу кезінде басты шартты елемеуге болмайды – фактілерді қайта тексеру және тек шынайы ақпаратты тарату”, – деп қатысушылар кездесуді осылай қорытындылады.
Іс-шарада БАҚ-та құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, азаматтардың қауіпсіздігі, олардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау, сондай-ақ, полиция қызметі мәселелерін жариялау талқыланды. Тараптар дағдарыстық және төтенше жағдайларды жариялау кезінде ақпараттық кеңістіктегі өзара іс-қимыл құралдарын әзірлеу қажеттігін атап өтті.