Шымкент тұрғыны бұрынғы күйеуінің шабуылынан кейін ауруханаға түсті. Күдікті Алматыда ұсталып, қамауға алынды, - деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Әйелге жасалған шабуыл туралы "НеМолчиKZ" қоры хабарлады. Қоғам белсенділерінің айтуынша, жәбірленуші осыдан бес жыл бұрын, қызы алты айлық болғанда күйеуімен ажырасқан. Кейіннен әйел алимент өндіруге өтініш берген.
Қордың мәлімдеті бойынша, бірнеше жыл өткен соң бұрынғы күйеуі әйелдің өмірінде қайтадан пайда бола бастаған: ол алименттен бас тартуды талап етіп, оған қоқан-лоққы көрсеткен.
"НеМолчиKZ" мәліметінше, әйел сұлулық салонында жұмыс істейді. Шабуыл жасалмас бұрын белгісіз біреу оған жаңа нөмірден клиент ретінде хат жазып, шұғыл жолға шығатынын сылтауратып, кешкі уақытта қабылдауын өтінген.Қордағылардың пайымдауы бойынша, бұрынғы жұбайы осылайша әйелді кездесуге алдап шақырған.
"Ол әйелді жол бойында аңдып тұрып, үстіне қышқыл шашқан. Өзі арнайы жұмыс киімін киіп, қолына канистр ұстап алған. Бұта арасынан шығып, әйелді қолынан ұстап алып, үстіне сұйықтық құйып жіберген. Жәбірленуші киімінің терісімен бірге еріп жатқанын көргенін айтты. Ол жанұшыра айғайлап, оның дауысын естіген адамдар көмекке келген. Ал қаскөй қашып кеткен", - делінген жазбада.
Қазіргі уақытта зардап шегуші ауруханада жатыр. Қор мәліметінше, оның бетін, мойнын, қолын, кеудесін, арқасы мен иығын күйік шалған. Қор өкілдері әйелге бірнеше ота жасалып, терісін алмастыру қажет болуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Сондай-ақ қор өкілдері полицияның Қылмыстық кодекстің 107-бабы "Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру" бойынша іс қозғағанын хабарлады. Қоғам белсенділері құқық қорғау органдары істі "адам өлтіруге оқталу" бабына қайта саралауы тиіс деп есептейді.
Шымкент Полиция департаменті шабуылдың 2 тамызда болғанын хабарлады. Баспасөз қызметі мәліметінше, бұрынғы күйеуі әйелді алдап кездесуге шақырған.
"Бұрынғы күйеуі әйелге сұйықтық шашып, оқиға орнынан қашып кеткен. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды", – деп хабарлады полиция.
Күдікті сол күні Алматыда табылып, ұсталды. Қазір ол қамауда.
Полиция тергеу барысы қалалық ПД басшылығының бақылауында екенін қосып өтті.
Бұл ретте полиция қылмыстық істің қазіргі уақытта қандай бап бойынша тергеліп жатқанын нақтыламады.