Алматы облысында «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясындағы шаралар жалғасуда. Бүгін өңірде әдеттегідей «Таза бейсенбі» акциясы өткізіліп, 22 мыңнан астам тұрғын таңмен таласа тазалық жұмысына атсалысты. Игі шарада азаматтар қоршаған ортаға қамқорлық пен жауапкершілік сезімінің үлгісін көрсетті. Олардың қатарында қоғам белсенділері, облыс әкімдігі мен мемлекеттік орган қызметкерлері, кәсіпкерлер, жастар мен еріктілер, тұрғындар бар. Нәтижесінде 510 тонна қоқыс шығарылып, 282 гектар аумақ тазартылды, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Акция барысында қоғамдық орындар мен аулалардағы қоқыс жиналып, абаттандыру жұмысы жүргізілді. Қайта өңделетін қалдық бөлек сұрыпталып, қалған қоқыс арнайы полигонға жіберілді.
Сенбілікке Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев те қатысып, қоршаған ортаның тазалығы баршаның ортақ құндылығы екенін атап өтті.
«Өзіміз өмір сүретін елді мекендердің, қалалардың, туристік орындардың таза әрі жайлы болуы әрқайсымыздың жанашырлығымыз бен жауапкершілігімізге тікелей байланысты. Бүгінде «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында облысымызда елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Жақында аумақтарды күтіп ұстауға қатысты қолданыстағы талаптар жаңартылды. Соған сәйкес аумақтың санитарлық тазалығын сақтау және тұрғын үйдің іргелес 5 метр аумағын күтіп-ұстау міндеті заңды тұлғалармен қатар жеке тұрғындарға да жүктеледі. Осыған байланысты акция бұрынғыдан да белсенді түрде жүзеге асырылып жатыр. Бүгін біз дәстүрлі «Таза бейсенбі» акциясын өткіздік. Облыстың түкпір-түкпінідегі тұрғындар бұл шараға бейжай қарамай, белсенділік танытуда», – деді Марат Елеусізұлы.
Экологиялық акцияға үлес қосқандардың бірі – Жастар ресурстық орталығының маманы Санжар Сұлтан.
Айта кетейік, жыл басынан бері өңірде 25 облыстық сенбілік өткізіліп, оған 567 мыңнан астам адам қатысты. Нәтижесінде 13 мың тонна қоқыс шығарылып, 7701 гектар аумақ тазартылды. 103 мыңнан астым көшет отырғызылып, 3500-ге жуық техника жұмылдырылды. Бұл бағыттағы шаралар алдағы уақытта да дәстүрлі түрде жалғасады.