Елордадағы "Нұрлы жол" теміржол вокзалы аумағында қоғамдық тәртіпті бұзу дерегі тіркелді, - деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Пойыздың жөнелтілуін күтіп отырған ер адам вокзал маңындағы хостелде уақыт өткізбек болған. Алайда қоғамдық орында алкогольдік ішімдік ішкен ол уақыт өте келе агрессивті мінез танытып, хостел әкімшісіне балағат сөздер айтып, тәртіпті өрескел бұзған. Оқиға орнына Астана станциясындағы көліктегі полиция басқармасының қызметкерлері жедел жетті.
Тексеру барысында құқық бұзушының Нұрлы жол – Семей бағытымен жолға шыққан Жетісу облысының 30 жастағы тұрғыны екені анықталды. Мән-жайды анықтау кезінде ер адам полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбай, қарсылық көрсеткен. Соған қарамастан, ол ұсталып, полиция бөлімшесіне жеткізілді. Аталған азаматқа қатысты ұсақ бұзақылық, қоғамдық орында алкогольдік ішімдік ішу немесе мас күйінде болу, сондай-ақ құқық қорғау органы қызметкерінің заңды талабына бағынбау фактілері бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Сот шешімімен құқық бұзушы 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Сонымен қатар оның жыл ішінде осыған ұқсас құқық бұзушылық үшін жауапкершілікке бұрын да тартылғаны белгілі болды.
Көлік полицейлері қоғамдық тәртіпті сақтау – әрбір азаматтың міндеті екенін ескертеді. Қоғамдық орындарда агрессивті мінез-құлық таныту, алкогольдік ішімдікті заңсыз пайдалану немесе полиция қызметкерлерінің заңды талаптарын елемеу әрекеттері қатаң түрде тоқтатылып, құқық бұзушылар заң аясында жауапкершілікке тартылады.