Ел Президенті – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Маңғыстау облысының «Оймаша» полигонында өткен ауқымды маневрді бақылады, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Бірыңғай жоспардың аясында әскердің түрлі топтары қазіргі қарулы қақтығыстардың тәжірибесіне сүйене отырып, іс жүзінде ұрыс жүргізудің жаңа түрлері мен әдістерін қолданды.
Әскерлер тобының бүкіл іс-қимылдары кезінде әуе және жер үсті барлауы жүргізілді. Оның нәтижелері басқару пунктіне беріліп, сол жерден ҰҰА мен аралас авиациялық топтары жоғары дәлдікпен соққы беру үшін нысаналарды дәлдейді.
Шартты қарсыластың ұшқышсыз ұшу аппараттарымен күрес ұйымдастырылды. Оларды тоқтату үшін радиоэлектрондық күрес құралдары, ал жою мақсатында зениттік-артиллериялық бөлімшелер қолданылды. Басқару пункттерін, позицияларды, жеке құрам мен техниканы бүркемелеу жүзеге асырылды.
Батареяға қарсы күрестің соңғы әдістері қолданылды. «Платформа» радиолокациялық станцияларының көмегімен шартты қарсыластың оқ ату құралдарын дер кезінде анықтап, артиллерияның кері соққысы жасалды.
Әскери бөлімшелерді қолдану барысында жерасты коммуникациялары пайдаланылды. Алдын-ала дайындалған туннельдер бойымен қозғалатын оқ ату тобы жауды қапталдан жауып, оны жоюды жүзеге асырды.
Терең фортификациялық коммуникациялар ауыр жауынгерлік техниканың іс-қимылына қолданылды. «Сақ қорғаны» атты танк бөлімшелерінің тактикалық тәсілдерімен «Үңгір-шоқпар» танктерінің ұрыс алаңынан және қапталдан атуын жетілдіру жалғастырылды.
Тактикалық әуе десантының едәуір маңызды бағыттарға түсіру шегініп бара жатқан жаудың жойылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Оқу-жаттығу барысында әскерлердің жоғары ұтқырлығын қамтамасыз етуге көп көңіл бөлінді. Ақтау-Жаңаөзен автокөлік жолының әуеайлақ учаскесінен түрлі ұшу аппараттарының ұшуы мен қонуы жүргізілді. Армия авиациясы артиллерия қаруларын және шағын көлемді көлік құралдарды сыртқы аспада тасымалдауды жүзеге асырды.
Бұдан өзге, Мемлекет басшысына онлайн режимде еліміздің түрлі өңірлерінде өтіп жатқан Қарулы Күштердің, ведомствоаралық топтардың, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар мен орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің іс-қимылдары көрсетілді.
Каспий теңізінің акваториясында Әскери-теңіз күштері авиация мен арнайы операциялар күштерінің қолдауымен елдің экономикалық қызмет объектілерін қорғау жөніндегі іс-қимылдар жүргізді. «Wing long» барлаушы-соққы беруші ұшқышсыз ұшу құрылғыларының «әуе-жер» зымырандарын ұшыру шартты қарсыластың теңіздегі жылжымалы нысаналарын жойды. Жауынгер жүзушілерді суға жіберу және шабуылдаушы жасақтарын жағаға шығару жүргізілді. Өздігінен үрленетін қайықтар жүк парашюттік жүйелері арқылы түсірілді. Арнайы операциялар күштерінің бөлімшелері ескірген желінің орнына «жасақтық-топтық» тактиканы қолданды.
Қарағанды облысындағы «Сарышаған» полигонында әуе шабуылына қарсы қорғаныс және майдандық авиация әскерлері шартты қарсыласқа зымырандық-авиациялық соққымен тойтарыс беруді жүзеге асырды.
Алматы облысының «Көктал» полигонында ҰҚК Шекара қызметімен мемлекеттік шекараны күзетуді күшейту, заңсыз қаруланған құралымдарды жою, ТЖМ бөлімшелерімен бірлесіп босқындар лагерін өрістету бойынша бірлескен іс-қимыл ұйымдастырылды.
Қарағанды маңындағы «Спасск» полигонында жұмылдыру ресурстарын қабылдау және аумақтық қорғаныс міндеттерін орындау өткізілді.
«Отпантау-2021» жедел-стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуы қыркүйек айының басынан бастап Қарулы Күштерде өтіп жатқан әскерлерді кенеттен тексерудің соңғы кезеңі болды. Тоғыз мыңға жуық әскери қызметші, үш мыңнан астам қару-жарақ пен әскери техника, оның ішінде 66 ұшу аппараты мен сегіз корабль тексеруге тартылды.
Президент әскери оқу-жаттығу жиындарында, соның ішінде халықаралық деңгейде тұрақты түрде жақсы нәтиже көрсетіп келе жатқан еліміздің Қарулы Күштерінің әскери дайындығының деңгейі жоғары екенін атап өтті. Сондай-ақ әскеріміздің нақты соғыс жағдайында да биіктен көрінетініне сенім білдірді.