ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Бахтияр Жазықпаев ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында әлеуметтік-еңбек саласының жүйелі трансформациясы туралы айтып берді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Бүгінгі таңда министрлік мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде. Қолданыстағы 49 мемлекеттік қызметтің 45-і электрондық форматта көрсетіледі, оның ішінде 28-і проактивті түрде ұсынылады. 2026 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша ведомство 1,4 млн қызмет көрсетті, оның 41%-ы (564,6 мың) азаматтарға өтініш берусіз автоматты режимде ұсынылды.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау шеңберінде Министрлік мемлекеттік қызметтерге жасанды интеллект технологияларын енгізу бойынша жұмыс жүргізуде. 2025 жылы ЖИ-ді қолданумен атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау, жұмыс іздеп жүрген азаматтарды, жұмыссыздарды тіркеу, сондай-ақ мүгедектікті белгілеу қамтамасыз етілді. 2026 жылы ЖИ-ді зейнетақы төлемдерін, мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындауды, қандас мәртебесін беруді және жұмыспен қамту шараларына жолдауды қоса алғанда, жаңа қызметтерге қолдану аясын кеңейту жоспарлануда.
«Біз деректер мен заманауи цифрлық технологияларға негізделген мемлекеттік көрсетілетін қызметтің проактивті, атаулы және ыңғайлы моделіне дәйекті түрде көшудеміз. Жасанды интеллектіні енгізу, процестерді автоматтандыру және ақпараттық жүйелерді интеграциялау қабылданатын шешімдердің тиімділігін, ашықтығын және сапасын арттыруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Бахтияр Жазықпаев.
Жұмыспен қамту саласы жаңа кезеңге өтуде. Базалық цифрландыру шеңберінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің барлық қызметтері мен шаралары электрондық форматқа көшірілді. «Цифрлық жұмыспен қамту қызметі» жобасы аясында ЖИ білімі, дағдылары мен тәжірибесі туралы мәліметтер негізінде анықтаудан бастап жұмысқа орналастыруға дейін дербестендірілген сүйемелдеуді қамтамасыз етеді: бейіндеуді ұсынады, релевантты бос жұмыс орындарын іріктейді және жолдайды, соның ішінде жұмыссыз қалған жағдайда автоматты түрде әрекет етеді. Негізгі қағидат – жұмыспен қамтуды өтініш беру форматынан проактивті сүйемелдеуге көшіру, яғни мемлекет азаматтың жүгінуін күтпей, деректер негізінде шешімдерді өзі ұсынады.
Жұмыстың жеке бағыты – медициналық-әлеуметтік сараптама процесін жаңғырту. Мүгедектікті белгілеудің объективтілігін арттыру және мерзімін қысқарту мақсатында жасанды интеллектіні пайдалана отырып цифрлық шешімдер енгізілді: медициналық деректер негізінде әзірленген ЖИ-моделі медициналық-әлеуметтік сараптама мамандары үшін ұсынымдар қалыптастырады, бұл ретте түпкілікті шешім маманның құзыретінде қалады. Жүйе іске қосылған сәттен бастап 24 мыңнан астам өтінім өңделді.
Әлеуметтік қызметтер порталын дамыту оңалтудың техникалық құралдарын, шипажайлық-курорттық емдеуді және жеке көмекшілер қызметтерін алудың қолжетімділігі мен ашықтығын арттыруға бағытталған. Көру қабілеті бұзылған адамдар үшін бейімдеу қамтамасыз етіліп, жеткізушілер орналастыратын тауарлардың сапасын бақылау автоматтандырылды.
2026 жылы Ұлттық тауарлар каталогымен интеграциялау, биометриялық аутентификацияны, компьютерлік көру технологияларын енгізу және цифрлық теңгені пайдалану бойынша пилоттық жобаны іске асыру жоспарлануда.
Вице-министр Б. Жазықпаев платформалық жұмыспен қамтуды дамыту мәселелеріне де жеке тоқталды. Бүгінгі таңда жүйеге 20-дан астам интернет-платформа қосылған, ал қатысушылардың жалпы саны 395 мың адамнан асты.
Әлеуметтік аударымдардың жалпы көлемі зейнетақы жарналарын, әлеуметтік аударымдарды және медициналық сақтандыру жүйесіне жарналарды қоса алғанда, 10,7 млрд теңгеден асты. Бұл азаматтарды ресми жұмыспен қамтуға тартуға және олардың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Цифрлық трансформация еңбекті қорғау саласына да әсер етті. Ведомство тәуекелдерді басқарудың превентивті моделіне көшті: еңбек шарттары, тексеру нәтижелері мен жазатайым оқиғаларды тергеу деректері бірыңғай цифрлық жүйеге көшірілді. Қалыптасқан еңбек тәуекелдерінің цифрлық картасы жасанды интеллект алгоритмдерімен ұштасып, өндірістегі қауіпті жағдайларды олар орын алғанға дейін болжауға мүмкіндік береді.
Министрлік деректер мен заманауи цифрлық технологияларға негізделген мемлекеттік көрсетілетін қызметтің проактивті, атаулы әрі ыңғайлы моделіне дәйекті түрде көшуде.
«Түптеп келгенде, барлық бастамалар азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға және әділ әлеуметтік қолдауды қамтамасыз етуге бағытталған», – деп қорытындылады вице-министр Б.Жазықпаев.