Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Еуропа елдерінің дипломатиялық миссияларының басшылары, ірі шетелдік бизнес-қауымдастықтар мен компаниялардың өкілдері қатысуымен «Қазақстан – Еуропалық Одақ» диалог платформасының 19-шы отырысын өткізді. Жиында инвестициялық ахуалдың өзекті мәселелері, техникалық стандарттар мен реттеуші тәсілдерді үйлестіру, кедендік әкімшілендіру, сондай-ақ геологиялық барлау және аса маңызды минералдық ресурстар саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кейінгі жылдары Еуропалық Одақпен ынтымақтастық тұрақты оң серпін көрсетіп келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Еуропалық Одақ елдері арасындағы тауар айналымы $45,2 млрд-ты құрады. 2026 жылдың алғашқы төрт айында өзара сауда көлемі $12,4 млрд-қа жетті, бұл ретте қазақстандық экспорт $9,27 млрд-ты құрады. Шикізаттық емес сектор сапалық өсім көрсетеді, атап айтқанда, отандық ауыл шаруашылығы өнімінің ЕО елдеріне экспорты 34,3%-ға артып, $266,2 млн-ды құрады.
Отырысты ашқан Премьер-министр Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды саяси және экономикалық өзгерістерге тоқталды. Жаңа Конституцияның қабылдануымен Қазақстан экономиканы сапалы әртараптандыруға және халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Үкімет қызметінің басым бағыттарының бірі – инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту.
Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, проактивті инвестициялық саясат жүзеге асырылып, 2030 жылға дейінгі тұжырымдама өзектендірілді. Инвесторлар мен жоғары білікті мамандар тарту үшін Altyn Visa арнайы визалық режимі енгізілуде. Сонымен қатар Kazakh Invest компаниясының халықаралық қатысуы кеңейтілуде, Kazakhstan Investment House инвесторларды сүйемелдеудің бірыңғай орталығы құрылуда. Бас прокуратура жанынан бизнесті қорғауды күшейту үшін Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті жұмыс істейді, «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдинг ретінде қайта құрылды.
Олжас Бектенов Қазақстан ашықтық, болжамдылық және өзара тиімділік қағидаттарына негізделген инвестициялық саясатты дәйекті түрде жүргізіп отырғанын және шетелдік серіктестермен сындарлы диалогті дамытуға бейілді екенін атап өтті.
«Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық Одақпен ынтымақтастықты дамытуға ерекше мән береді. бүгінде біздің әріптестігіміз қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда Қазақстанның сыртқы саудасының 30%-дан астамы Еуропалық Одақтың үлесіне тиесілі. Еліміздің экономикасына құйылған еуропалық инвестициялардың жиынтық көлемі $200 млрд-тан асты. Бұл көрсеткіштер елдеріміз арасындағы өзара экономикалық қызығушылықтың жоғары деңгейін айқын көрсетеді. Қазақстан энергетикалық қауіпсіздік, өнеркәсіп кооперациясы және көлік байланысын дамыту мәселелерінде Еуропалық Одақтың сенімді әрі болжамды серіктесі болып қала береді», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Аса маңызды шикізат материалдары саласындағы ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатқаны атап өтілді. Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға назар аударылды. Биылғы бес айда маршрут бойынша транзиттік тасымалдау көлемі 69%-ға, ал көлік құралдарының саны 38%-ға өскен. Қазақстан Орта дәлізді Еуропалық Одақпен өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарының бірі ретінде қарастырып отыр және Global Gateway бастамасын одан әрі ілгерілетуге мүдделі. Қазақстандық тарап, сондай-ақ визалық режимді оңайлату бойынша диалогті ілгерілетуді де жақтайды.
Отырыс барысында Еуропалық Одақтың Қазақстан Республикасындағы елшісі Алешка Симкич, Германия істеріндегі уақытша сенім білдірілген өкіл Ульрих Кинне, Қазақстанның Еуропалық бизнес-ассоциациясы (EUROBAK) төрағасының орынбасары Диас Асанов, Confindustria-ның Орталық Азия мен Кавказ бойынша бас директоры Ливио Маццуокколо және Xcalibur Smart Mapping компаниясының басқарушы директоры Саид Сұлтановтар баяндама жасап, ұсыныстарын айтты.
Еуропалық Одақтың Қазақстан Республикасындағы елшісі Алешка Симкич зияткерлік меншік құқықтарын, фармацевтикалық зерттеулер деректерін қорғау жөніндегі нормаларды қолдану, кедендік әкімшілендіруді жетілдіру, техникалық регламенттерді біркелкі пайдалану және реттеуші ортаның ашықтығын одан әрі арттыру тақырыптарын қозғады.
Германия істеріндегі уақытша сенім білдірілген өкіл Ульрих Кинне өз сөзінде техникалық стандарттарды жоспарлы үйлестіру арқылы экономикалық қатынастарды кеңейту және тереңдету мәселесін көтерді. Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға мүмкіндік беретін техникалық реттеу, стандарттау, метрология, аккредиттеу және сәйкестікті бағалау саласындағы тәсілдерді одан әрі жақындастырудың маңыздылығы атап өтілді.
Қазақстанның Еуропалық бизнес-ассоциациясы (EUROBAK) төрағасының орынбасары Диас Асанов болжамды нормативтік-құқықтық ортаның маңыздылығына және шетелдік инвесторлардың еліміздің реттеу саясатына деген сенімін одан әрі нығайтуға назар аударды.
Confindustria-ның Орталық Азия мен Кавказ бойынша бас директоры Ливио Маццуокколо италиялық тараптың салықтық және кедендік әкімшілендіру, сондай-ақ инвесторлар үшін реттеуші ортаның болжамдылығын қамтамасыз ету мәселелеріне қатысты ұсыныстарын айтты.
Xcalibur Smart Mapping компаниясының басқарушы директоры Саид Сұлтанов аса маңызды шикізат материалдары саласына заманауи геоғылымды енгізу, геологиялық инфрақұрылымды жаңғырту және жоғары дәлдіктегі аэрогеофизикалық зерттеулер жүргізу жөніндегі жобаны ұсынды.
Көтерілген сұрақтарға Қазақстанның мемлекеттік органдарының өкілдері пікір білдірді. Қаржы министрі Мәди Такиев кедендік әкімшілендіру және тәуекелдерді басқару жүйесін қолдану мәселелері бойынша айтты. Кедендік рәсімдердің ашықтығы мен біркелкілігін қамтамасыз ету мақсатында саланы ауқымды цифрландыру жүргізіліп жатқаны атап өтілді. Елдің сыртқы шекараларындағы 9 автомобильдік өткізу пунктін жаңғырту жұмыстары аяқталды, сондай-ақ автоматтандырылған бақылау тетіктері мен электрондық декларациялау жүйелері енгізілуде.
Сауда және интеграция вице-министрі Әсет Нүсіпов техникалық реттеу жүйесін және өнімнің сәйкестігін бағалау рәсімдерін жетілдіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етті. EUROBAK-пен консультациялардың қорытындысы бойынша өнімді сәйкестендіру актілерін рәсімдеуді жеңілдету, техникалық регламенттерді әзірлеуге бизнестің қатысуын кеңейту және E-КТРМ ақпараттық жүйесінің жұмысын жетілдіру бойынша ұсыныстар дайындалғаны атап өтілді.
Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев зияткерлік меншік құқықтарын қорғау және фармацевтикалық деректердің эксклюзивтілігі мәселелері бойынша егжей-тегжейлі түсіндірме берді. Қазақстан ДСҰ-ның толыққанды мүшесі ретінде халықаралық міндеттемелерді қатаң орындайтыны атап өтілді: ұлттық заңнама, Халық денсаулығы туралы Кодексті қоса алғанда, дәрілік заттардың клиникаға дейінгі және клиникалық сынақтарының құпия ақпараты мен деректерін қорғаудың алты жылдық мерзіміне нақты кепілдік береді, өтініш берушінің келісімінсіз оларды жария етуге немесе коммерциялық пайдалануға жол бермейді.
Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан өнеркәсіптік кооперация, минералды-шикізат базасын дамыту және маңызды материалдар саласындағы өзара іс-қимыл мәселелері бойынша ұстанымын жеткізді.
Сондай-ақ денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов, жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Бахтияр Мұхаметқалиев және сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров өз бағыттары бойынша пікір білдірді.
Отырыс қорытындысы бойынша Олжас Бектенов министрліктер мен ұлттық компаниялардың басшыларына өзара тиімді шешімдер қабылдау үшін әрбір мәселе бойынша еуропалық серіктестермен екіжақты консультациялар өткізуді тапсырды. Қазақстан Үкіметі еуропалық бизнес-қоғамдастықпен барынша ашық, айқын және сындарлы диалогті қолдауға бағытталған және жаңа серпінді инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда жан-жақты қолдау көрсетуге дайын.