Астана қаласындағы №49 мектеп базасында оқушылар арасында «Бала Толағай» ұлттық ойындардан ашық қалалық чемпионат өтті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Турнирге елорданың 12 мектебінен келген жас спортшылар қатысты. Чемпионат оқушыларға ұлттық спорт түрлерімен шұғылдануға мүмкіндік берді.Жарыс барысында қатысушылар арқан тарту, ләңгі тебу, қошқар көтеру, қапшықпен жүгіру, найза лақтыру және садақ ату сынды ұлттық спорт түрлерінен бақ сынасты.
Командалар 12 және 13 жас санаттары бойынша бөлінді. Жарыс қорытындысы бойынша І орынды №49 мектеп, ІІ орынды №50 мектеп, ІІІ орынды №68 мектеп иеленді. Әр командада алты негізгі қатысушы және бір қосалқы спортшыдан болды. Жалпы чемпионатқа 84 оқушы қатысты.Іс-шара мәдени бағдарлама, мерекелік өнер көрсетілімдерімен сүйемелденіп, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімімен қорытындыланды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жарыстар қала көлемінде алтыншы рет өткізіліп отыр, алайда №49 мектеп базасында алғаш рет ұйымдастырылған.