СҚО-да екі ай ішінде учаскелік инспекторлар 12 мыңнан астам құқық бұзушылықты анықтады, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
1 қыркүйектен бастап полицейлер республикалық жедел-профилактикалық "Учaске" іс-шарасын өткізуде. Оның мақсаты — құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті нығайту. Іс-шара басталғаннан бері полицейлер тұрғылықты жері бойынша түрлі есептерде тұрған 7215 адамды тексерді. Олардың ішінде 897-і — шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандар, 1083-і — мінез-құлқына ерекше талап қойылған тұлғалар. Бұл әдетте, отбасылық жанжал шығарушылар мен ұсақ бұзақылық жасаған, көбіне мас күйдегі адамдар.
Полицейлер қызмет көрсететін аумақтағы ахуалды зерделеп, тұрғындармен кездесулер өткізеді, әр үйге визиттік карточкаларын қалдырып отырады. Бұл азаматтарға қажет болған жағдайда полиция қызметіне жедел жүгінуге мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда тәртіп сақшылары облыс бойынша 70 мыңға жуық көпқабатты және 87 мыңнан астам жеке үйді аралап шықты. Жұмыстың маңызды бөлігі — тұрғындармен өткізілетін кездесулер. Петропавл қаласының тұрғындары мұндай жиындарда көбінесе түнгі уақытта жалдамалы пәтерлерде тыныштықтың бұзылуы, аулаларды абаттандыру және ірі қоқыстарды шығару мәселелерін көтереді.
Учаскелік инспекторлар заң талаптарын түсіндіріп, мәселелерді шешуге көмектеседі, ал егер сұрақтар полиция құзыретіне кірмесе — тиісті кеңес береді. Жалпы, "Учaске" іс-шарасы басталғалы СҚО полицейлері 12 мыңнан астам құқық бұзушылықты анықтады. Ең жиі кездесетіндері — тіркеусіз тұру (2012 дерек) және алкоголь заңнамасын бұзу (1753 дерек). Сондай-ақ 437 отбасы бұзақысы, 185 ата-ана (балаларын тәрбиелеу жөніндегі міндетін орындамағаны үшін) және 133 азамат (ортақ аумақты ластағаны үшін) жауапкершілікке тартылды. "Учaске" жедел-профилактикалық іс-шарасы 1 желтоқсанға дейін жалғасады.