Президенттің әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде Қарағанды облысында медициналық инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өңірдің жеті ауданында 51 медициналық нысан, атап айтқанда фельдшерлік-акушерлік пункттер, дәрігерлік амбулаториялар және медициналық пункттер салынды. Арнаулы мемлекеттік қордан 5,9 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жобаның басты мақсаты – ауыл тұрғындары үшін медициналық көмекті қолжетімді ету және оның сапасын арттыру.
Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары толық аяқталды. Нысандарды медициналық ұйымдардың балансына өткізу үшін қажетті құжаттарды рәсімдеу және сондай-ақ заманауи жабдықтарды жеткізу жұмыстары жүргізілуде.
Тұрғындар енді медициналық көмекті анағұрлым жылдам әрі аудан орталығына бармай-ақ алуға мүмкіндік туғанын атап өтуде.
«Заманауи медициналық пункттің ашылуы біз үшін үлкен оқиға. Бұрын аудан орталығына баруға тура келетін, ал енді бәрі жанымызда», — деді Нұра ауданы Қарой ауылының тұрғыны Күлкен Мұхамеджанова.
Жаңа медициналық пунктте жас маман Сабина Шульц жұмыс істейді.
«Мұнда өте жақсы жағдай жасалған. Кабинеттер жарық, заманауи құрал-жабдықтар бар. Енді біз тұрғындарға жылдам әрі сапалы көмек көрсете аламыз», — деп атап өтті мейірбике.
Нұра ауданында мемлекетке қайтарылған активтер есебінен барлығы 10 нысан – медициналық пункттер, фельдшерлік-акушерлік пункттер және бір дәрігерлік амбулатория салынды.
Тап осындай өзгерістер Бұқар жырау ауданында да болды. Мұнда қайтарылған активтер есебінен 13 заманауи медициналық нысан салынды.
Сондай-ақ қайтарылған активтер есебінен Ақтоғай ауданында тоғыз, Абай ауданында – сегіз, Осакаров ауданында – бес, Қарқаралы ауданында – төрт және Шет ауданында екі денсаулық сақтау нысаны салынды.
Елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару жұмыстары жалғасып жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша бұл қаражат денсаулық сақтау, білім беру және инфрақұрылым салаларындағы әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыруға бағытталуда.
