Қытайдағы халықаралық турнирде қазақстандық полицей жүлделі орындарға ие болды, - деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Қытайдың Үрімші қаласында алғаш рет Қытай мен Орта Азия елдерінің құқық қорғау органдары арасында халықаралық турнир өтті. Жарыс бағдарламасына еркін күрес, кикбоксинг және түрлі қарудан ату сайыстары енгізілді. Осы ауқымды додада ел абыройын қорғау мәртебесі Павлодар облысы полиция департаментінің қызметкері Қанағат Ыдырышевқа бұйырды. Жоғары деңгейдегі шеберлігін, спорттық төзімділігі мен рух күшін көрсеткен ол бірнеше номинацияда жүлделі орындарға қол жеткізді.Ату сайысында полицей-спортшы жылдамдық пен дәлдік көрсеткіштері бойынша бірінші орынды иеленді. Ал кедергілерден өту және еркін күрес жарыстарында күміс жүлдеге қол жеткізді.
– Әрбір жеңіс – үздіксіз жаттығулар мен қатаң тәртіптің нәтижесі. Бала кезімнен спортпен шұғылданып келемін, салауатты өмір салтын ұстанамын. Спорт адамның мінезін қалыптастырып, рухын шыңдайды деп сенемін. Мұндай турнирлер халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, тәжірибе алмасуға және полицейлердің кәсіби даярлығын арттыруға ықпал етеді. Жеткен жетістікпен тоқтап қалмай, үнемі дамып, жаңа белестерге ұмтылу қажет, – деді Қанағат Ыдырышев.
Айта кетейік, Қанағат Ыдырышев – еркін күрестен спорт шебері, сондай-ақ қолма-қол ұрыс, жауынгерлік самбо және қазақша күрестен спорт шеберлігіне кандидат. Спортшы-полицейлердің табыстары құқық қорғау органдарының беделін арттырып, қоғамда абыройын нығайта түсуде.