Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен «Маңғыстау түбегінің жартас мешіттері» ескерткіштерін ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізу мәселесі талқыланды. Жиынға ИКОМОС техникалық бағалау миссиясының өкілдері қатысты, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Қазақпаратқа сілтеме жасап.
Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасына сәйкес өңірдегі бес жерасты мешітін – Бекет ата, Қараман ата, Шақпақ ата, Шопан ата және Сұлтан үпі мешіттерін халықаралық тізімге енгізу жұмыстары жүргізілуде.
Аталған ескерткіштер 2021 жылы ЮНЕСКО-ның алдын ала тізіміне енген. Осы бағытта Мәдениет және ақпарат министрлігінің жетекшілігімен ғылыми-жобалық құжаттар әзірленіп, Париждегі штаб-пәтерге жолданды.
Сондай-ақ қорғау аймақтары белгіленіп, ақпараттық тақтайшалар орнатылды, фото және бейнематериалдар дайындалды.
Миссия аясында өңірге халықаралық сарапшылар келді. Олардың қатарында Бурса Улудаг университетінің профессоры, ИКОМОС сарапшысы Kivilcim Corakbas Figen Balikesir, ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Дмитрий Воякин, «Қазреставрация» ШЖҚ РМК бас директоры Олжас Шариязданов және аталған мекеменің сәулетшісі Ләззат Бейсембаева бар.
Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай Маңғыстаудың тарихи-мәдени мұрасының маңызын атап өтті.
– Маңғыстау – тарихы терең өлке. Мұнда ежелгі қорымдар, сәулет өнерінің көрнекті туындылары саналатын тамдар мен сағаналар, жерасты мешіттері бар. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында осы ескерткіштерді қорғау бағытында кешенді жұмыстар жүргізілді. Соның нәтижесінде бес жерасты мешіті ЮНЕСКО-ның алдын ала тізіміне енгізілді. Қазіргі таңда қорғау аймақтары белгіленіп, ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл нысандардың бүкіләлемдік мұралар қатарына енуі халқымыздың тарихи құндылықтарын сақтап қана қоймай, еліміздің мәдени және экономикалық дамуына серпін береді, – деді аймақ басшысы.
Бұған дейін ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» бағдарламасына Абай қолжазбасындағы «Қара сөздер» кіруі мүмкін екені хабарланды.