Алматыда биыл Қала күні ерекше тойланды. Түрлі іс-шаралар мен мерекелік көңіл күйге қоса, шаһар тұрғындары жарық дүние есігін ашқан сәбилермен толықты, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
21 қыркүйекте Алматы перзентханаларында 69 сәби дүниеге келді, оның 32-сі ұл және 37-сі қыз бала.
Бұл күн ондаған отбасы үшін ерекше сый болды. Сүйікті қаланың туған күнімен олар қатар перзентінің дүниеге келгенін тойлады.
Қаланың қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы өмірге келген барлық нәресте мен олардың аналарының жағдайы жақсы екенін хабарлады.
Ал мереке қарсаңында Қалалық перинаталдық орталықта сирек әрі ғажайып оқиға болды – үшем дүниеге келді.
Салмағы 1968 грамм, бойы 42 сантиметр ұл бала, ал қалған екеуі қыз бала: бірінің салмағы 1648 грамм, бойы 40 сантиметр, екіншісінің салмағы 1699 грамм, бойы 41 сантиметр. Отбасы «Аңсаған сәби» мемлекеттік қолдау бағдарламасына жүгінген.
Дәрігерлердің шешімімен анасы 32-аптада шұғыл түрде босанды. Сәбилердің анасы 30 жаста.
Таңғы төрт шамасында перинаталдық орталықтың білікті мамандары тез арада жұмылып, ота сәтті өтті. Кесарь тілігі арқылы дүниеге келген сәттен бастап нәрестелерге жедел көмек көрсетіліп, жансақтаудан соң патология бөліміне ауыстырылды.
Қала күні туған 69 сәби мен үшем – бір отбасының қуанышы ғана емес, бүкіл Алматы үшін үлкен жаңалық. Әрбір жаңа өмір – ертеңге деген сенім, болашаққа деген үміт. Бұл балалар қала тарихын жалғастырып, оның келешегін өркендетер жаңа ұрпақ.