Қарағанды облысында 50 шетелдік азаматтың заңсыз еңбек қызметінің жолы кесілді, — деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Көші-қон саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету жұмыстары аясында, 24 шілде күні Қарағанды облысы полиция департаментінің көші-қон қызметінің қызметкерлері Нұра ауданының Нұра кентінде рейд жүргізді. Жедел іс-шаралар барысында Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасын бұзудың бірнеше фактісі анықталды. Тұрғын үйлерді салу бойынша белсенді жұмыстар жүргізіліп жатқан құрылыс алаңында тиісті рұқсат құжаттары жоқ 50 шетелдік азамат анықталды. Шетелдік жұмыс күшін тартқан жұмыс берушілер белгіленген нормаларға сәйкес еңбек қатынастарын ресімдемеген, бұл елдің еңбек және көші-қон заңнамасын тікелей бұзу болып табылады.
Қазіргі уақытта ұсталған шетелдік азаматтарға қатысты әкімшілік іс жүргізу басталды. Сонымен қатар заңсыз еңбек қызметін ұйымдастыруға ықпал еткен тұлғаларға қатысты мұқият тексеру жүргізілуде. Полиция көші-қон қызметінің бастығы Арман Уәлиев мұндай рейдтер мен заңсыз еңбек қызметінің жолын кесу бойынша іс-шаралар тұрақты негізде жүргізілетінін атап өтті. Ол сондай-ақ көші-қон нормаларын бұзу шетелдік азаматтар үшін де, көші-қон режимін бұзуға ықпал ететін Қазақстан азаматтары үшін де елеулі әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салды. Полиция департаменті көші-қон саласындағы заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету басым міндет екенін және мұндай тексерулер болашақта мұндай бұзушылықтарға жол бермеу мақсатында бүкіл өңір аумағында жалғасатынын баса айтады.