Қасым-Жомарт Тоқаев «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешовті қабылдады, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысына ұлттық компанияның атқарған жұмысының нәтижесі таныстырылды.
Президентке бүгінгі таңда еліміздегі газдандыру деңгейі 62,4 пайызға жеткені жөнінде баяндалды. Соңғы үш жылда 1,7 миллион отандасымыз табиғи газдың игілігін көре бастады.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа Жетісу облысының 66 елді мекенін газбен қамтамасыз ететін Талдықорған – Үшарал газ құбырының желілік бөлігінің құрылысы аяқталғаны туралы есеп берілді. Бұдан бөлек, Қашаған кен орнында сұйытылған мұнай газын ауыстырып тиеу және фракциялау зауытының құрылысы, Бейнеу – Бозой – Шымкент магистральдық газ құбырының екінші желісін салу жұмыстары басталды. Түрік инвесторы – ESTA компаниясының қатысуымен құны 1,35 миллиард доллар болатын карбамид зауытының жобасы қолға алынды.
Санжар Жаркешовтың айтуынша, ресейлік көгілдір отынды Қазақстан арқылы Өзбекстанға тасымалдау көлемінің артуы – саладағы маңызды жетістіктің бірі. Сондай-ақ ұлттық компания басшысы Орта Азия – Орталық магистралды газ құбырында жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстары жөнінде айтты. Аталған жоба өңірлік энергетика саласындағы маңызды буын ретінде еліміздің рөлін арттыра түседі.
Мемлекет басшысының газдың ресурстық базасын дамытуға қатысты тапсырмасын орындау аясында бірқатар стратегиялық келісімге қол қойылды. Олардың қатарында «Аққұдық» және «Северный-2» учаскелеріндегі жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар, сондай-ақ CNPC компаниясымен бірлесе «Северный-1» учаскесінде барлау жұмыстарын жүргізу туралы келісім бар.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысына газ саласында цифрлық шешімдер енгізу, соның ішінде NVIDIA жаңа графикалық чиптерімен жұмыс істейтін суперкомпьютерді қолдану жоспары жайында баяндалды.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы жылыту маусымына дайындыққа, еліміздің газ саласындағы әлеуетін жоспарлы түрде нығайтуға қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.