Астанадағы Балқарағай демалыс аймағында ұлттық дәстүрімізді дәріптейтін Қымызмұрындық мерекесі өтті. Іс-шараға Астана қаласының тұрғындары мен қонақтары, туристер және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Іс-шараны ұйымдастырушы «BaiQymyz» жобасының авторы Жұмажан Қалтаевтың айтуынша, бұл бастаманың негізгі мақсаты – қазақтың қасиетті асы қымызды күнделікті дастарханымызға қайта әкелу, оның пайдалы қасиеттерін кеңінен насихаттау.
Қымызмұрындық аясында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, этноөнімдер мен қолөнер бұйымдарының көрмелері, гастрономиялық фестивальдер және мерекелік концерт ұйымдастырылды.
Бүгінгі Қымызмұрындыққа еліміздің 10 аймағынан қымыз өндірушілер қатысып, келушілер олардың өнімдерін арнайы QR-код арқылы бағалады. Сарапқа салынған қымыздар қатарында Жаңарқа ауданының «Aqnur Qymyz» шаруа қожалығы, Саржал ауылындағы «Асылжан» жеке кәсіпкерлігі, Бурабай ауданындағы «Жас» ШҚ, Қымызынай ауылының «Кабдулин А.С.» ЖК, Абай облысы Қарауыл ауылының «Adil Kymyz» ЖК, Сабынды ауылының «Алға» ШҚ, Арайлы ауылының «Qazaq House» ЖК және Қараөткел ауылындағы «Жоламан» ШҚ бар. Қатысушыларға ұйымдастырушылар тарапынан Алғыс хаттар табысталды.Айта кетейік, бүгінгі Қымызмұрындық мерекесі шілде айында өтетін «BaiQymyz» гастрофестивалінің прологы іспеттес. Алдағы фестиваль еліміздің ең үздік қымыз өндірушілері мен жылқы шаруашылығымен айналысатын шеберлерді бір алаңда тоғыстырады. Шара аясында ұлттық дәстүрлер насихатталып, «Ең үздік қымыз» байқауы ұйымдастырылады. Жалпы жүлде қоры – 45 миллион теңге.