Павлодар облысында алкоголь сатушылар жауапқа тартылды, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Павлодар облысының полиция қызметкерлері алкоголь өнімдерін заңсыз сатудың алты фактісін анықтап, олардың жолын кесті. Бұл құқық бұзушылықтардың көпшілігі белгіленген заң нормаларын елемеуден туындаған.
Мәселен, Павлодар қаласының Лермонтов және М. Горький көшелеріндегі дүкендерде сатушылар алкоголь өнімдерін заңда көрсетілген уақыттан тыс сатқан. Екібастұз қаласының Марғұлан көшесіндегі дүкенде де дәл осындай жағдай тіркелді.
Ақсу қаласында түнгі уақытта бір дүкенде сатушы ер адамға 40% градустық алкоголь өнімін сатса, сол жерде 21 жасқа толмаған қызға алкоголь сатқан. Бұл оқиғалар сатушылардың заң талаптарын өрескел бұзғанын көрсетеді.
– Алкоголь өнімін белгіленбеген уақытта және 21 жасқа толмаған тұлғаларға сатқан дүкен иелері жауапқа тартылды. Бұл істердің материалдары сотқа жолданды, ал сот органдары құқық бұзушыларға қолданылатын жазаны заң аясында шешеді, – дейді Павлодар облыстық полиция департаменті.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, тек 2024 жылдың өзінде полиция осындай 1564 құқық бұзушылықтың жолын кескен. Ал жаңа жылдың басынан бері алты факт тіркеліп отыр. Бұл оқиғалардың барлығында кінәлілер қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапқа тартылды.
Алкоголь саудасындағы заң талаптарын сақтау – сатушылар үшін басты міндет. Олар алкоголь өнімдерін тек заңда белгіленген уақытта және 21 жасқа толған азаматтарға ғана сатуға міндетті. Бұл ереже азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен қоғамдық тәртіпті сақтаудың негізі болып табылады.
Полиция қызметкерлері антиалкогольдік заңнаманы бұзудың алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстарды жалғастыруда.
«Заң және тәртіп» қағидаты ішкі істер органдарының басты мақсаты болып қала береді. Құқық бұзушылардың заңсыз әрекеттері еш жазасыз қалмайды.