Қызылордада полицейлер шетел азаматтары жасаған 2146 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Жыл басынан облыс аумағында түрлі мақсаттармен 18670 шетел азаматы уақытша тіркеуге алынды. Оның ішінде 18330 ТМД елдерінен болса, ал алыс шетелдерден 340 азамат тіркелген. Тіркелгендердің басым көпшілігі Өзбекстан, Тәжікстан, ҚХР және Түрік мемлекетінің азаматтары.
Осы жылдың 10 айында жалпы 3056 құқық бұзушылық анықталған. Оның ішінде, шетел азаматтары жасаған 2146 әкімшілік құқық бұзушылық анықталса, оның 87-і сот шешімімен республика аумағынан аластатылып, 5 жылға Қазақстан Республикасына кіруге тыйым салынды.
Шетелдіктердің Қазақстан Республикасында болу ережелерінің сақталуын қамтамасыз етпегені үшін 910 Қазақстан Республикасының азаматына әкімшілік шаралар көріліп, жеке және заңды тұлғаларға қатысты 25 млн теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынып, толығымен мемлекет пайдасына өндірілді.
– Құрметті тұрғындар! Шет мемлекеттерден жұмыс жасауға келген шетел азаматтарын заңда көрсетілген мерзімде құжаттарын Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы заңдастырып, көші-қон заңнамасын бұзбай, жұмыс жасатқандарыңыз абзал, – дейді полиция.