Қарағанды облысының полицейлері тұрғындарға алаяқтардан сақ болуға ескертеді, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Қарағанды облысының полицейлері облыс тұрғындары арасында алаяқтық қылмыстарының жолын кесу мақсатында, халықпен кездесу, үн парақшалар тарату, әлеуметтік және телеарналар арқылы тікелей эфирден түсіндіру жұмыстарын өткізіп келеді. Сонымен қатар киберқылмысқа қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері екінші деңгейлі банк ұйымдарының өкілдерімен бірлесіп алаяқтарға ақша аудару іс-әрекеттерінің жолын кесу бойынша да бірқатар жұмыстар атқаруда.
Талдау жұмыстары көрсеткендей, бүгінде балалары немесе немересіне ақша жіберіп жатырмын деп алаяқтардың арбауына көп жағдайда зейнет жасындағы қарт адамдардың да түсіп жатқаны полицияны алаңдатып отыр.
Мәселен, осындай әдіспен 78 жастағы қарағанды қаласы тұрғынына белгісіз біреу хабарласып, жәбірленуші оған 750 мың теңге ақшасын аударып жіберген.
Киберқылмысқа қарсы күрес бөлімінің қызметкерлеріне банктің қауіпсіздік бөлімі хабарласып, зейнеткердің белгісіз есеп-шотқа ақша аударып жатқанын айтқан. Тәртіп сақшылары зейнеткермен кездесіп, жағдайды түсіндіргеніне қарамастан, ол өзінің айтқанынан қайтпай, алаяқтарға ақшасын аударып жіберген. Кейін, оның жақындарын тауып, зейнеткер өз-өзіне келгенде алаяқтардың арбауына түскенін біліп, полицияға арыз жазды.
Қарағанды облысы полиция департаменті облыс және қала тұрғындарына тағыда банк, полиция немесе басқа да құқық қорғау органдары ешқашан Сіздерге қоңырау соғып жеке деректеріңізді сұрамайтынын еске салады. Сондай-ақ, облыс тұрғындарынан ешқашан зейнет жасындағы егде адамдарды жалғыз қалдырмауларыңызды еске салады.
Сақ болыңыздар. Сіздердің мүліктеріңіз бен ақшаларыңызды сақтау өз қолдарыңызда екенін естен шығармаған дұрыс.