Сондықтан екінші дүниежүзілік соғыс халқымыз үшін ең қасіретті кезең болып тарихта қалады. Отанын қорғап аждаһаның аузынан қайтқан ата-апаларымыздың теңдессіз ерлігі, отаншылдық нәріне суарылған биік парасаты, асқақ адами болмысы бізге мәңгілік өнеге, өмірлік мектеп, ізгілік пен адамгершілік этолоны болып қала береді.
Жылдар жылжып, сол сұрапыл кезеңнен алыстаған сайын, бейбіт күн сыйлаған соғыс ардагерлеріне деген құрметіміздің еселене түсері анық. Өйткені, зымыраған уақытпен бірге аңызға айналып бара жатқан соғыстың ақиқатын айтатын ардагерлерімздің де қатары тым сиреп барады.
Бүгін Шымкенттіктер де Жеңіс күнін атап өту үшін «Даңқ мемориалына» жиналды. Қаза болған қаһармандардың рухына тағзым етіп, есімдері қашалып жазылған ескерткіш тақтаға гүл шоқтарын қойды. Салтанатты шарада батыр бабалардың қайсарлығы мен батылдығы дәріптелді.

«Бүгін біз бейбіт аспан астындағы бүгінгідей мамыражай өмір сыйлаған батырларға құрмет көрсетеміз. Біз Жеңістің құндылылығын ешқашан ұмытпаймыз »- деді, өз құттықтауында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков.
