Бұл жайлы журналистерге Салтанат Нүкенованың ағасы Қайрат Нүкенов айтқан, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.
Ол бәрін ағасының ықпалымен істеген
– Ол бүгінгі таңда тек ағасының кесірінен тергеліп жатыр. Ол бес ай бойы тергеліп жатқаны үшін ағасына “көп рахмет” айтуы керек. Оның балалары барын білеміз. Әйелі, әке-шешесі бар. Әке-шешесімен кездестік. Өте жақсы отбасы. Маған солай көрінді. Байжанов Бишімбаев сияқты емес – ол бәрін соның ықпалымен істеген. Ол сотта шын жауап берсе, біз де адамбыз ғой – кешіруге дайынбыз, – деді Қайрат Нүкенов сот кулуарында.
Бишімбаевтың ісі
Еске сала кетейік, Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау 11 наурызда басталды. Прокурор экс-министр ісінің мән-жайын айтып берді.
Ал Бишімбаев тағылған айыпты мойындамай, ашық сот өткізуді сұрайды. Оған "қинау" (110-баптың 2-бөлігі) және "аса қатігездікпен адам өлтіру" (99-баптың 2-бөлігі) баптарымен айып тағылған. Бұған қоса, Астанадағы "Гастро-орталық" директоры, Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов Салтанат Нүкенованың өліміне байланысты іс бойынша "қылмысты жасырды" деген күдікпен сотқа тартылып жатыр.
12 наурызда экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау жалғасты. Бұл жолы да журналистер сот залына кіре алған жоқ. БАҚ тарапының базынасын сот қызметкерлері тыңдаған болғанымен, ешбір журналист сот залына кіре алмаған. Тіпті тілшілер полиция шақырып, сот әкімшілігі ақпарат алу құқығынан айырып отырғаны жөнінде арыз жазуына тура келген.
4 сәуір күнгі сотта Қуандық Бишімбаевтың адвокаты Лейла Рамазанова бүгінгі сотқа Салтанат Нүкенованың денесіне жасалған сараптаманы жарамсыз деп тану қолайсыз деп тану жөнінде өтініш білдірген. Судья бұл өтінішті қанағаттандырудан бас тартқан. Ал Бишімбаевтың өзі тергеу изоляторында өз-өзіне қол жұмсамақ болғанын мәлімдеді.
Прокурор Айжан Аймағанова Қуандық Бишімбаевтан ұрып-соққан жұбайына жедел жәрдем шақырудың орнына неге көріпкелге қоңырау шалғанын сұраған. Бишімбаев “бұл менің үлкен қателігім болды” деп жауап берді. 9 сәуірдегі отырыста сотта Бишімбаевтың ұсталған сәтінен видео көрсетілді. Видео оқиға орнына барған полиция қызметкерінің видеожетонына түсірілген.
Алдын ала тыңдаудан кейінгі соттарға журналистер кіруге мүмкіндік алды. Сот барысы Қазақстан Республикасының Жоғарғы сотының ресми сайтынан тікелей эфирден көрсетіледі.