1 шілдеден бастап Әлеуметтік кодексін іске асыру шеңберінде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан мемлекеттік жәрдемақылар мен ұзақ мерзімді әлеуметтік төлемдердің кейбір түрлері 14,5 %-ға өсті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
Осылайша, жәрдемақылар мен төлемдер мөлшерінің бұрын жүргізілген 8,5 %-ға өсуін ескере отырып, олардың 2023 жылы өсуі 23 %-ды құрады. Өсім 1,3 миллион алушыға әсер етті. Бұдан басқа, мүгедектігі бар адамдар үшін оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін ұсыну жөніндегі шаралар қосымша күшейтілді.
2023 жылғы 1 шілдеден бастап мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері орта есеппен 14,5 %-ға өсті. 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша мүгедектігі бойынша жәрдемақыны 221,8 млрд теңгеге 536 083 адам, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша – 62,1 млрд теңгеге 188 138 адам алды.
Сондай-ақ, Кодексті іске асыру шеңберінде мүгедектігі бар баланы (мүгедектігі бар балаларды) тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қорғаншыға (қамқоршыға) тағайындалатын және төленетін жәрдемақы мөлшері орта есеппен 14,5 %-ға ұлғайтылды. Оның мөлшері 2023 жылғы 1 шілдеден бастап 1,61 ең төмен күнкөріс деңгейін немесе 65 313 теңгені құрады. 2023 жылы барлығы 77,3 млрд теңге сомаға 103 мыңнан астам адамға жәрдемақы берілді.
Бірінші топ мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын адамға мемлекеттік жәрдемақы 14,5 %-ға арттырылды. Оны 31,7 млрд теңгеге орта есеппен 42 мың адам алды.
Бұдан басқа, 2023 жылғы 1 шілдеден бастап азаматтардың мынадай санаттарына арнаулы мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері орта есеппен 14,5 %-ға өсті, атап айтқанда:
– мүгедектігі бойынша айлық жәрдемақы мөлшеріне дейінгі жасына байланысты зейнетақы төлемдеріне қосымша ақы алушыларды қоспағанда, жасына байланысты зейнетақы төлемдері немесе еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдері тағайындалған бірінші, екінші және үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдар;
– Байқоңыр қаласында тұратын және Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес мүгедектігі бойынша зейнетақы алатын жеті жасқа дейінгі мүгедек балалар;
– саяси қуғын-сүргін құрбандарына немесе саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен, мүгедектігі бар немесе зейнеткер болып табылатын адамдар;
– Қазақстан Республикасы алдындағы ерекше еңбегі үшін зейнетақы тағайындалған адамдар.
2023 жылы аталған санаттағы орта есеппен 106 мыңнан астам азамат 4,6 млрд теңге сомасына арнайы мемлекеттік жәрдемақы алды.
Кодексті іске асыру шеңберінде «Алтын алқа», «Батыр ана» атағы бар, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған аналарға арналған жәрдемақы мөлшері 7,4 айлық есептік көрсеткішке дейін арттырылды. 2023 жылы наградталған анаға берілетін жәрдемақыны 64,2 млрд теңге сомаға орта есеппен 233 мыңнан астам адам алды.
Сонымен қатар еңбекке қабілеттілігінен айырылу (92 мың алушы қамтылды) және асыраушысынан айырылу (61 мың отбасы қамтылды) бойынша МӘСҚ-дан төлемдер 14,5 %-ға индекстелді. Аталған төлемдерді міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушыларына бюджеттен берілетін мемлекеттік жәрдемақыларға қосымша жүзеге асырылады.
Сонымен бірге 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылардың барлық түрі, сондай-ақ еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша МӘСҚ-дан берілетін төлемдер инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес 7 %-ға өсті.
Бұдан басқа, Кодексті іске асыру шеңберінде қосымша мынадай әлеуметтік қолдау шаралары қабылданды:
– Spinabifida диагнозы бар МБА күніне 6 дана (жылына 2 190 дана) мөлшерінде бір рет қолданылатын майланған катетерлермен қамтамасыз етіледі. Жыл қорытындысы бойынша мүгедектігі бар 79 адам катетердің жаңа түрлеріне тапсырыс бере алды;
– МБА үшін жөргектер саны екі есе өсті (күніне 2-ден 4 данаға дейін). Жыл қорытындысы бойынша 404 адам тапсырысты жүзеге асырды;
– ақыл-ой кемістігі бар балаларға санаторий-курорттық емдеу мүмкіндігі берілді. Жыл қорытындысы бойынша оны мүгедектігі бар 194 бала пайдаланды.
Өткен жылы мүгедектігі бар адамдар үшін техникалық құралдармен және оңалту қызметтерімен қамтамасыз ету бойынша барлығы 461 055 іс-шара іске асырылды.
Сондай-ақ, 2023 жылғы 1 шілдеден бастап жергілікті атқарушы органдар немесе өзге де заңды тұлғалар міндетті зейнетақы жарналары мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналар аударуды, сондай-ақ жүріп-тұруында қиындықтары бар бірінші топтағы МБА күтімін жүзеге асыратын жеке көмекшілер үшін міндетті әлеуметтік аударымдарды жүзеге асырады.
Жеке көмекшінің қызметтеріне ақы төлеу қызмет көрсетудің нақты уақыты үшін, бірақ күніне сегіз сағаттан аспайтын мерзімде жүргізіледі. 2024 жылға кепілдендірілген құны – сағатына 503,59 теңгені, 24 жұмыс күні үшін – 96 689 теңге.
Сонымен қатар базалық зейнетақы мен жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне міндетті зейнетақы жарналары жүзеге асырылған кезеңдер, сондай-ақ бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасау уақыты есептеледі.
Кодексте көзделген әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін трансформациялау шеңберіндегі жұмыс бағыттарының бірі сыйымдылығы шағын үйлерді құру. Жеке секторды тарта отырып, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру шеңберінде Қазақстанның алты өңірінде: Ақмола, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Түркістан облыстарында, Астана және Шымкент қалаларында мүгедектігі бар балаларға арналған сыйымдылығы шағын үйлер ашылды.
Кодексті іске асыру шеңберінде 2023 жылғы 15 желтоқсаннан бастап 4 өңірде: Абай, Павлодар, Қызылорда облыстарында және Шымкент қаласында оңалтудың техникалық құралдары парктерін құру жөніндегі пилоттық жоба іске қосылды, онда бірінші кезеңде тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар қатысады.
Осы өңірлерде «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен бірлесіп «Үйде оңалту» жобасы іске асырылатын болады. Жобаның негізгі мақсаты – үздіксіз оңалту және инновациялық ОТҚ-ны жеке таңдау арқылы тірек-қимыл аппараты бұзылған балалардың өмір сүру сапасын жақсарту.