Теміртау полицейлері тонау қылмысына қатысы бар қос азаматты ұстады, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Теміртау қалалық полиция басқармасына қарасты Шығыс полиция бөліміне түнгі сағат 03:00 шамасында қала орталығындағы шағын аудандардың бірінде белгісіз біреулер қала тұрғынына шабуыл жасағаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына бірден жедел-тергеу тобы жіберілді.
23 жастағы жәбірленуші полиция қызметкерлеріне кешкі уақытта үйіне қайтып келе жатқанда, оның жанына жеңіл көлік тоқтап, ішінен екі адам шығып, сөйлесіп келе жатқан телефонын тартып әкеткенін айтты. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 250 мың теңгені құрады.
Жәбірленуші тәртіп сақшыларына күдіктілердің келбетін сипаттап, олар жүрген автокөлік туралы ақпарат берді. Жүргізілген кешенді іс-шаралар барысында “ізін суытпай” аталған автокөлік анықталды. Оның ішінде 22 және 28 жастағы азаматтар болды. Олар қылмыс жасағаны туралы мойындау көрсетпе белгілерін беріп, айғақ зат тәркіленді.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.