Түркістан облысының полицейлері есірткілік мас күйде көлік басқарған жүргізушіні ұстады, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Тұрақты негізде патрульдеу мен профилактикалық алдын алу шараларын жүргізу нәтижесінде полиция көлікті есірткілік мас күйде басқарған жүргізушіні ұстады. Тәртіп сақшылары жүргізушіні дер кезінде байқап тоқтатпағанда, оқиға соңы жол-көлік апаты мен адам шығынына әкелуі мүмкін еді.
Мәселен, Сауран ауданының патрульдік полиция қызметкерлері Түркістан – Кентау тасжолында жылдамдықты асырғаны үшін Toyota Camry автокөлігін тоқтатты. Құжаттарын тексеру кезінде 35 жастағы жүргізуші өзін біртүрлі ұстаған, бұл жағдай өз кезегінде полиция қызметкерлеріне күдік туғызды. Осыдан соң ер адамды жедел түрде медициналық куәландыруға жеткізіп, оның нәтижесі бойынша құқық бұзушының марихуана пайдаланып, көлік жүргізгені расталды.
Белгілі болғандай, жүргізуші жұмыссыз жүрген жергілікті тұрғын.
Көлікті есірткілік мас күйде жүргізгені үшін соттың шешімімен ер адам 15 тәулікке қамауға алынып, 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды.
Айта кетейік, облыста “Бір нүктелік” жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасып жатыр.