Петропавлдағы колледждердің бірінің студенті туған анасын 1 млн теңгеге алдады деген күдікке ілінді, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Қаңтар айында Петропавл тұрғынына өзі алмаған ірі сомадағы несиені төлеу туралы хабарламалар келе бастаған. Мұны көрген әйел дереу полиция басқармасына жүгінген. Несиені кім алуы мүмкін екені туралы еш болжам болмаған. Жедел уәкілдер түрлі сұрақтар қойған кезде, оның есіне 16 жастағы ұлы өткен жылдың желтоқсан айында сайттардың бірінде тіркелуді өтінгені және емтихан сұрақтарына арналған жауаптарды алуға болатыны есіне түсті. Жасөспірімнің айтуынша, сайтта екі адамды тіркеу кезінде нақты бағасы жеңілдетіледі деген ұсыныс болған. Тіркеу процедурасында адамның фото және бейневерификациядан өтуі қажет болған. Алданғанын түсінбеген әйел “басты солға, оңға бұру” деген сияқты талаптарды орындап шыққан.
– Осы процедура арқылы жәбірленушінің атына 1 миллион 180 мың теңге көлеміндегі несие ресімделгені анықталды. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 2-бөлігі (Алаяқтық) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Қазіргі уақытта тергеу аяқталуға жақын, тергеушілер іс материалдарын сотқа жіберуге дайындалып жатыр, – дейді СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Иван Терзиди.
Полицейлер ескертеді: қаржы ұйымдары қашықтықтан несие алу рәсімдерін қиындатқан уақыттан бастап қаскөйлер басқа адамдардың биометриялық мәліметтерін пайдалану үшін түрлі әдістерді қолдана бастады. Суретке түсіріп алуға қатысты өтініштерге сақтықпен қараған жөн. Жеке мәліметтерді ешкімге бермеу қажет.
СҚО-да 11 айдың ішінде интернет-алаяқтықтың 716 дерегі тіркелді. Оның 91-і бөгде адамдардың атына несие ресімдеумен байланысты.