Оның ішінде 121 адам жоғары, 328 арнайы орта, 226 азаматтың жалпы орта білімі бар. Елге келгеннен кейін оларды бейімдеп, жұмыспен қамтуда қол ұшын созу мақсатында қалада «Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру» орталығы жұмыс істейді. Оларға мұнда 10 түрлі қызмет тегін көрсетіледі.
Биыл елімізде Әлеуметік Кодекс аясында қандас мәртебесін берудің жаңа тәсілі енгізіліп отыр. Құжаттар Қазақстан Республикасының шет елдердегі өкілдігі арқылы «бір терезе» қағидаты бойынша қабылданады. Сондай-ақ тарихи отанымен байланысты нығайтуда шет елде тұратын этникалық қазақтарға Қазақстанда еңбек етуге және кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндік беретін «Ата жолы» картасы енгізілді. Аталған картаның иесіне елге кіру – ұзақ мерзімді виза алу құқығымен беріледі. Өз кезегінде «Ата жолы» картасын ұсыну туралы өтінішті Халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органға «Құтты мекен» ақпараттық жүйесінің мобильдік қосымшасы арқылы бере алады. «Ата жолы» картасының қолданылу мерзімі – 10 жыл.
Орталыққа келген қандастардың басым бөлігі Өзбекстан Республикасынан қоныс аударғандар. Көрші елден 1166 адам келсе, Қытайдан – 16, Ресейден –8, Қырғызстаннан – 1 және Ауғанстаннан –2, Тәжікстаннан –1 және Түркиядан –2 адам қоныс аударған. Қандастардың басым бөлігі құрылыс саласында, сауда-саттықпен және басқа да жалдамалы жұмыстармен айналысып жатыр.
"Қандастарға қолдау көрсету мақсатында 2008 жылдан бері «Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығы» жұмыс істейді. Сала мамандары ҚР Заңнамасына сәйкес қандастар мен олардың отбасыларына алты ай бойы бейімдеу және әлеуметтік қолдау көрсетеді. Биыл қалалық «Еңбек мобильділігі» орталығы тарапынан 86 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылды. Атап айтқанда, бос жұмыс орындарына, жастар практикасы және әлеуметтік, алғашкы және қоғамдық жұмыс орындарына жолданды. 46 адам «Бастау Бизнес» жобасы шеңберінде білім алды. Орталықта тегін тұратын қандастар мен олардың отбасы мүшелеріне ақпараттық-анықтамалық қызметтерді ұсыну, мемлекеттік тілді, қалауы бойынша орыс тілін үйрету, еліміздің тарихын, мәдениетін және дәстүрін танып-білуге қолдау жасаймыз",-дейді орталық басшысы Бақытжан Сұлтанбеков.