Астанада үздік учаскелік инспектор анықталды. Бұл туралы Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында мәлім етті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
«Учаскелік қызметкерлер қоғамдық тәртіпті күнделікті қамтамасыз етеді. Олардың жұмысының арқасында елордада құқық бұзу саны азайып, қала тұрғындарына көмек көрсетіледі. Олардың жұмысы күрделі, жауапты әрі маңызды. Олар мыңдаған адамды қауіптен құтқарып қалды.
Қалада елорданың үздік учаскелік инспекторын анықтайтын конкурс өтті. Бұл атаққа Асқар Папышев ие болды. Ол бірнеше жылдан бері учаскелік инспектор болып жұмыс істеп келеді. Бүгінге дейін өзін кәсіби маман, жауапты әрі бастамашыл қызметкер ретінде көрсете білді. Биыл Асқар Папышев бірнеше бала мен әйел адамды үлкен қауіптен құтқарып қалды, инспектор олардың 9-қабаттан құлап кетуіне жол бермеді. Бұл оның батыл қадамдарының бірі ғана.
Мемлекет басшысы жергілікті полиция қызметін реформалау аясында құқық бұзушылықтың алдын алу саласындағы негізгі буын болып саналатын учаскелік полиция инспекторларының рөлі зор екенін атап өтті.
Қалалық Полиция департаментімен бірлесіп, материалдық-техникалық базаны, учаскелік пунктерді, қызметкерлердің еңбек жағдайын жақсарту; учаскелік инспекторлар санын көбейту секілді т.б. жұмыстарды жалғастырамыз», – деп жазды Жеңіс Қасымбек.