Петропавлдық студент интернет-алаяқтық жасағаны үшін жазасын өтеп жатыр, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Өткен жылдың қараша айының соңында Instagram желісінде anti_zaim_kz1 атауымен жаңа аккаунт пайда болып, петропавлдықтармен белсенді жазыса бастаған. Оның әкімшісі банктік карталарға қойылған тыйымдарды шешу, шоттарды бұғаттан шығару, онлайн займның келісім-шарттарын кері қайтару және мерзімі өтіп кеткен шағын займдардың төлем кестесін қалыпқа келтіру бойынша қызметтер көрсететінін уәде еткен. 2023 жылдың қаңтар айының соңына дейін аталған аккаунтқа 6 адам жүгінген. Барлығы шағын займ бойынша кестені түзеткісі келген. Осы “қызмет” үшін олар 15 мыңнан 59 мыңға дейін ақша төлеген. Қаражатты аударған адамдар “заңгермен” байланысқа шыға алмаған.
Оқиғаның анық-қанығын зерделеген Петропавл полицейлері алаяқты анықтады. Ол 20 жастағы 3-курс студенті болып шыққан. Жігіт “заңгер” ғана емес, “кәсіпкер” болып адамдарды алдағаны анықталды. Telegram мессенджерінде төмен бағамен AirPods құлаққаптары мен электрондық сағат сататын интернет-дүкен ашқан. Осы схемамен қаңтар айында 4 адамды алдап үлгерген.
– Сәуір айында сот оған интернет-алаяқтықтың 10 эпизоды бойынша үкім шығарды. Сотқа дейінгі тергеу барысында жәбірленушілерге келтірілген шығын өтелді. Сот оның бас бостандығын 4 жылға шектеді. Алаяқтардың құрбаны болмас үшін интернеттегі тауарлар мен қызметтер көрсету туралы хабарландыруға сақтықпен қарау керек. Алдын ала төлемге келіспей, сатушылардан бейнеқоңыраумен сөйлесуді талап ету қажет. Сондай-ақ тауарлар мен қызметтерді ұсынатын адамдардың беделін тексеріп алған жөн, – дейді Петропавл қалалық ПБ бастығының орынбасары Әлнұр Ахмедьяров.