Логистикалық шығындарға байланысты Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында Аи-92 бензинінің шекті бағасы 187 теңге деп белгіленген. Үкімет бағаны қашанға дейін осылай ұстай алады? Бұл сауалға сарапшылар жауап берді. Сарапшылар төмен баға жалғаса берсе жанар-жағармайдан тапшылық көруміз мүмкін дейді. Үкімет бағаны бақылаудан шығарса, жағдай ушыға түсе ме деген қорқыныштарын да жасырмайды.
"Әрине бағаны ұстап тұру маңызды. Алайда төмен баға, сыртқы елдердің қызығушылығын тудыратыны сөзсіз. Сондықтан тапшылық туындауы мүмкін. Бірақ президенттің бұл бағытта берген тапсырмаларын сөзсіз орындайтын болса, мұндай мәселе болмайды деп ойлаймын", - дейді сарапшы Олжас Байгелдинов. Өзге маман бағаны қолдан ұстау дұрыс емес деген ойын ортаға салды. "Негізінде нарықтық экономикада қолдан олай ұстап тұруға болмайды. Егер оны қайта-қайта ұзарта берсе, ол алдағы уақытқа қойылған мина болуы мүмкін. Ол жарылады", - дейді экономист Мақсат Халық.
Доллардың да бағасы көтерілді. Соңғы рет рекордтық көрсеткіш мамыр айының орта тұсында болған еді. Шетел валютасы бірден 500 теңге бір-ақ шықты. Артынша Ұлттық банк интервенция жасап, сәл болса да түсірді. Алайда бұл да шешім болмай тұр, деп жазады телеарна. Экономист Мақсат Халық теңгенің құнсыздануына қатысы нақты факторларды атады.
"Американың федеральді резервтер жүйесі яғни орталық банкі доллардың кілттік пайыздық мөлшерлемесін көтеріп келе жатыр. Ақырын-ақырын, бірте-бірте негізі наурыз айында бастаған, бірақ маусым айында 0,75 пайыздық базалық пунктіге бірден көтерді. Яғни қазір 1,75 болып тұр. Енді осы шілде айында тағы да 0,75 пунктіге өсіреді деп тұр", - дейді Мақсат Халық.
Одан бөлек жазғы демалыста шетел валютасына деген сұраныстың артуы да бағаға әсер еткен. Мамандар доллар бағамы мұнымен тоқтамайтынын айтты. Автор: Б. Сатуов