Жантүршігерлік жайт туралы ақпарат әлеуметтік желіде пайда болды. Ол жерде балықшылар бойжеткеннің денесін Жабай өзенінен тапқанын, олар сол жердегі қамыс арасынан дененің бөліктері бар қапты байқап қалғаны айтылған. Атбасар ауданының әкімдігі полиция қызметкерлерінің тергеуді бастағанын хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, күдікті қолға түскен. Алдын ала болжам бойынша, Атбасардың 31 жастағы тұрғыны отырыс кезінде бірге тұратын 25 жастағы қызды қызғанып, өлтірген. Содан кейін денесін бөлшектеп, Жабай өзеніне тастаған. Балықшылар марқұмның денесінің бір бөлігін тапқан. Қазақапарттың Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауынша, адам денесінің бөліктері 21 маусымда Атбасар ауданының аумағындағы "Жабай" өзенінің бөгетінен табылған.
"Осыған байланысты полиция Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі бойынша ("Кісі өлтіру") бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп, бір тәулік ішінде әйелдің жеке басы анықталды, сонымен бірге күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері тергеу мүддесіне сай жария етілмейді", - дейді құзырлы орган Қазақпарат агенттігіне.