Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов ұсынған мәліметтерге сәйкес, банкроттық туралы процедураға өтінім бере алатын ел азаматтардың саны - 1 млн 100 мың адам.
"Бұл өз еркімен жасалатын жұмыс. Мен көптеген азамат салмақты шешім қабылдайды деп ойлаймын, себебі банкроттық мәртебесін алған адамға 5 жылға дейін несие алуға шектеу қойылады әрі 7 жыл бойы тізілімде банкрот адам ретінде есепте тұрады. Біз болжам жасай алмаймыз (банкроттыққа өтінім бертін адамдардың санына қатысты-ред.). Алайда бізге күн сайын келіп түскен жатқан өтінімдерге қарасақ, қаңтар айында 10 мыңдай адам ниет білдірген (банкроттыққа өтініш беруге-ред.)", - дейді Ержан Біржанов.
Айта кетейік, 2022 жылдың 30 желтоқсанында мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы" Заңына қол қойды. Заңға сәйкес, қарызы бар тұлғалар 2023 жылдың 3 наурызынан бастап банкроттыққа өтініш бере алады.