Түркістан облысында полиция заңсыз айналымнан 900 келіге жуық есірткі тәркіледі, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаровтың төрағалығымен аппараттық кеңес өтті. Күн тәртібінде өңірдегі есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жұмыстарының жай-күйі талқыланды. Алғашқы мәселе бойынша есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Е.Умбеталиев баяндама жасап, “Қарасора — 2026” республикалық жедел профилактикалық іс-шарасы басталғаннан бері 3 айда облыс аумағында 139 есірткі құқық бұзушылығы анықталғанын жеткізді. Сондай-ақ анықталған фактілердің ішінде есірткі заты бар өсімдіктерді заңсыз егу бойынша 53 дерек, аса ірі көлемде есірткі сақтау бойынша 4 дерек, есірткі контрабандасына қатысты 3 дерек және есірткіге байланысты 71 теріс қылық бар.
Заңсыз айналымнан 900 келіге жуық түрлі есірткі заттары тәркіленген. Есірткінің облысаралық тасымалдануы мен заңсыз айналымына тосқауыл қою мақсатында “Сауран” және “Шақпақ баба” шеп бекеттерінде тиісті жұмыстарды күшейтуге бағытталған кездесулер өткізілген. Аппараттық кеңес қорытындысында қаралған мәселелер бойынша жауапты басшыларға нақты тапсырмалар беріліп, олардың орындалуын бақылау жүктелді.