Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Премьер-министр Қызылорда облысы мәслихаты депутаттарының жиналысына қатысты, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиын барысында Мемлекет басшысының Қызылорда облысының әкімі лауазымына екі кандидатты: Ардақ Зебешев және Мұрат Ергешбаевты ұсыну туралы хаты оқылды.
Ашық дауыс беру нәтижесі бойынша 81% депутат Мұрат Ергешбаевтың кандидатурасын қолдады. 19% депутат Ардақ Зебешевке дауыс берді.
ҚР Президентінің тиісті Жарлығымен Қызылорда облысының әкімі болып Мұрат Ергешбаев тағайындалды.
Олжас Бектенов облыс активімен кездесуде Мемлекет басшысының атынан Нұрлыбек Нәлібаевқа өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға қосқан елеулі үлесі үшін алғыс білдірді. Жалпы өңірлік өнім көлемі 4 жылда 2 есеге артып, 3,7 трлн теңгеге жетті. Инвестиция тарту, әлеуметтік маңызды инфрақұрылымды салу және жаңғырту, абаттандыру және басқа да салалар бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде.
Премьер-министр облыс активіне өңірдің жаңа әкімі Мұрат Ергешбаевты таныстырып, Президенттің Қызылорда облысы басшылығының алдына бірқатар басым міндет қойғанын атап өтті. Бұл – бірінші кезекте Мемлекет басшысының бастамасымен елімізді әрі қарай жаңғыртуға бағытталған, халықтың әл-ауқатын жақсарту, экономика салаларын әртараптандыру және цифрландыру, инвестиция тарту, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту сынды өзге де басым бағыттарға бағдарланған конституциялық реформаны жүзеге асыру.
«Президенттің бастамасымен елімізде маңызды саяси, әлеуметтік-экономикалық реформалар жүргізілуде. "Әділетті Қазақстан" тұжырымдамасының нәтижелі жүзеге асырылуы осы отырған бәрімізге байланысты екенін айтқым келеді. Мемлекет басшысы Қызылорда облысының дамуын үнемі назарда ұстап келеді. Мақсаттарға қол жеткізу үшін барлық құрылым мен қоғам бірлесіп жұмыс істеуі қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов. Сонымен қатар Премьер-министр бірқатар тапсырма берді.
Өңір басшылығы азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға тікелей әсер ететін маңызды жобалардың тұрақты жұмысын қамтамасыз етуі керек. Президенттің бастамасымен Қызылорда қаласында қуаты 240 МВт болатын жаңа газ ЖЭО-сы салынып, пайдалануға берілді, ол халықтың электр және жылу энергиясына деген сұранысын толығымен жабуға мүмкіндік береді. Ірі энергетикалық жобаға 215 млрд теңге көлемінде инвестиция салынды.
Сонымен қатар Қызылорда қаласы ыстық сумен қамтамасыз етілді, оған республикалық бюджеттен 26 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.
АӨК саласында ауыл шаруашылығы дақылдары көлемін оңтайландыру және су үнемдеу технологияларын енгізу міндеттерінің маңыздылығы атап өтілді.
Кәсіпкерлік белсенділікті қолдау арқылы шағын және орта бизнесті (ШОБ) дамытуға және олардың өңір экономикасындағы үлесін одан әрі арттыруға назар аударылды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 24,7%-ды құрады.
Сондай-ақ талдау және бюджет қаражатын тиімді жұмсау бойынша тәжірибені жалғастыру қажет. Қызылорда облысында кейінгі 4 жылда әлеуметтік салада 100 млрд теңгеден астам бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына тосқауыл қойылды. Үнемделген қаржы халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға және жаңа инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға бағытталды.