Тараз қаласында грек-рим, еркін және әйелдер күресінен U15 және U23 жас ерекшеліктері бойынша Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды. Ел біріншілігінде Қазақстанның барлық өңірінен келген жас спортшылар өзара мықтыны анықтап жатыр, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Жарыстың алғашқы күндерінің қорытындысы бойынша Астана қаласының балуандары грек-рим күресінен U23 жас санатында жүлделі орындарға ие болды.
60 келі салмақ дәрежесінде белдескен елордалық балуан Айбек Айтбеков қарсыластарынан басым түсіп, алтын медаль жеңіп алды. Осылайша ол 60 келі салмақ дәрежесінде Қазақстан чемпионы атанды.
Ал 97 келі салмақта белдескен тағы бір спортшымыз Қуаныш Бағлан күміс жүлдеге қол жеткізсе, 87 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Изновр Абаев үздік үштіктен көрінді.
Айта кетейік, күрес түрлерінен Қазақстан Республикасының чемпионаты 18 наурызға дейін жалғасады.