Премьер-министр Олжас Бектенов автожол саласын дамыту мәселелері бойынша Үкімет отырысын өткізді. Онда Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындауға, оның ішінде жаңа автожол жобаларын іске асыру, өңіраралық желіні дамытуға назар аударылды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиында көлік министрі Нұрлан Сауранбаев саланың ағымдағы жағдайы мен даму жоспарлары туралы, «ҚазАвтоЖол» ҰК басқарма төрағасы Дархан Иманашев жол жұмыстарын жүзеге асыру және цифрлық шешімдерді енгізу туралы, Жол активтері сапасы ұлттық орталығының басшысы Болатбек Айтбаев жол-құрылыс жұмыстарының сапасын бақылау туралы баяндады. Сондай-ақ Маңғыстау, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жетісу облыстары әкімдерінің баяндамалары тыңдалды.
Өз кезегінде «ҚазАвтоЖол» басшылығы 2025 жылдың қорытындыларымен жəне 2026 жылға жоспарларымен бөлісті.
«Көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында 2025 жылғы жол-құрылыс маусымында жалпы 8 мың 800 шақырым автожол барлық жұмыс түрлерімен қамтылды. Биыл 8 мың 900 шақырым автожолда жөндеу жұмыстары жүргізіледі, оның ішінде 3 мың 400 шақырым – құрылыс жəне қайта жаңарту жобалары, 324 шақырым – күрделі жөндеу, 5 мың 200 шақырым – орташа жөндеу. Сондай-ақ апаттық қауіпті жағдайда тұрған 53 көпірдің жөндеу жұмыстарына ерекше көңіл бөлінбек. Осы жоспарланған тапсырмаларды жүзеге асыру үшін 10 млн текше метр фракциялық қиыршық тас, 210 мың тонна битум, 230 мың текше метр темір-бетон бұйымдары əзірленуде. Биылғы жол-құрылыс маусымында шамамен 12 мың бірлік арнайы техника, 25 мың жол маманы жəне 193 асфальтбетон жəне бетон зауыттары жұмылдырылады», — деді ол.
Құрылыс жəне қайта жаңарту
Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сəйкес биыл жалпы ұзындығы 3 мың 400 шақырымды құрайтын жаңа құрылыс жəне қайта жаңарту жобаларының құрылысы жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта Ақтөбе–Ұлғайсын, Сарыағаш жəне Қызылорда қалаларының айналма жолдарын қайта жаңарту бойынша отандық мердігер ұйымдар анықталып, осы айда құрылыс жұмыстары басталмақ. Ал «Орталық–Батыс» жобасы бойынша Ұлттық компания мобилизация жүргізіп, дайындық жұмыстарына кіріскен. Қалған жобаларға Үкіметтің қолдау білдіруінің арқасында (Қарағанды-Жезқазған, Атырау-Доссор, Қызылорда-Сексеуіл, Бейнеу-Сексеуіл, Ұлғайсын-Сексеуіл) Қазақстанның даму банкі және өзге де халықаралық қаржы институттарымен бірлесіп конкурстық рəсімдерді жүргізілуде. Атап өте кететіні, осы аталған барлық жобалардың құрылысында отандық тауар өндірушілердің материалдарын пайдалану, жергілікті мамандарды тарту жəне техногендік минералдық түзілімдерді (ТМТ) қолдану көзделген.
Шекаралық инфрақұрылымды дамыту аясында Еуразиялық Экономикалық Одақ елдерімен автомобиль өткізу пункттерін жаңғырту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2028 жылға дейін 37 пунктіні жаңғыртуды жоспарлануда. 2025 жылдан бері 14 нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар, 5 пунктте жүк көліктеріне арналған сервистік аймақтар салынып жатыр. Қалған 23 өткізу пункттері бойынша дайындық жұмыстарын басталды.
Ақылы жолдар
Ақылы автомобиль жолдарының инфрақұрылымын дамыту бойынша жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр екен. Қазіргі таңда ел аумағында жалпы ұзындығы 4 мың 900 шақырымды құрайтын 26 ақылы жол телімдері бар. Биыл қосымша жаңа 6 ақылы учаскені енгізу жоспарлануда. Сондай-ақ, ақылы жолдарда ақаулар анықталған жағдайда жол жүру ақысын уақытша тоқтату нормасы енгізілді. Қазіргі таңда 14 учаскеде жалпы көлемі 1 млн 100 мың шаршы метр ақау тіркелді. Жөндеу жұмыстары жол-құрылыс маусымы басталысымен қолға алынады. Азаматтардың өтініші бойынша төлем мерзімі 7 күннен 30 күнге дейін ұзартылмақ. Қазіргі таңда бұл өзгерістер мемлекеттік органдармен мақұлдануда.
«Өткен жылы ақылы жолдардан 87 млрд теңге кіріс түсті. Бұл қаражат толықтай жолдарды күтіп ұстауға бағытталды. Түскен кіріс есебінен: - 1 мың 456 арнайы техника мен жабдықтар сатып алынды; - 354 мың шаршы метр жол жабынына ағымдағы жөндеу жүргізілді; - 340 мың текше метр көктайғаққа қарсы материал себілді», — деді басқарма төрағасы.
Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мəселелері ұлттық компанияның басым бағыттарының бірі. Бұл тұста ақылы жол телімдерінде қозғалыс қарқындылығы 20%-ға артқанына қарамастан, жол-көлік оқиғаларының саны 8%-ға төмендегенін атай кету қажет. Қолайсыз ауа райы кезінде жедел шаралар қабылдау нəтижесінде эвакуацияланған азаматтар саны 3 есе қысқарды. Сондай-ақ былтыр 700 мыңнан астам автокөлікке колоннамен сүйемелдеу қызметі көрсетілді. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жаңа тəсілдерінің бірі ретінде орташа жылдамдықты есептеу тетігі енгізілді.
Су тасқынына дайындық
Компания басшысының айтуынша, су тасқыны кезеңіне дайындық кешенді түрде жүргізілуде. Мысалы, 2024–2025 жылдары бір мыңнан астам су өткізу құбырлары салынып, жөндеу жұмыстары жүргізілген. Осы атқарылған жұмыстардың нəтижесінде қауіпті учаскелер саны екі есеге қысқарған. Сонымен қатар, тасқынның алдын алу үшін жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп 219 карьерді тарта отырып, инертті материалдар қоры қамтамасыз етілген. Соның ішінде құм, топырақ, қиыршық тас пен кесектас секілді негізгі жолқұрылыс материалдары əзірленді.
Автоматтандырылған өлшеу стансалары (АӨС)
Автожолдардың жабынын озудан сақтау мақсатында автоматтандырылған өлшеу стансаларын орнату бағдарламасы іске қосылған. Былтыр 24 станса орнатылып, республикалық автожолдарда олардың жалпы саны 46-ға жетті. 2028 жылға дейін қосымша 80 жаңа станса орнату жоспарлануда.
«Одан бөлек Жолдарды басқару үдерістерін бағытында Интеллектуалды көлік жүйесі (ИКЖ) цифрлық шешімдер енгізілуде. Былтыр пилоттық жоба ретінде «Алматы–Қонаев» ақылы жол телімінде тесттік режимде интеллектуалды көлік жүйесі іске қосылды. Жоба аясында жасанды интеллектінің элементтерін пайдалану арқылы жол-көлік оқиғаларын, жануарлардың жолға шығу фактісін, ауа райының өзгеруін жəне жол ережесін бұзғандарды анықтау көзделген. Дəл осындай шешімдер «Астана–Теміртау» жəне «Астана–Щучинск» учаскелерінде енгізу жоспарланып отыр. 2025 жылы 1403 байланыс орталығы толық автоматтандырылып, жол пайдаланушылардың өтініштерін өңдеу көлемі 2 есе артты, яғни 500 мыңнан 1 млн 200 мыңға дейін көбейді. 1403-тің қызметтерін одан əрі жетілдіру мақсатында «Сапар» зияткерлік жасанды интеллект диспетчерін енгізуді қолға алдық. Ол «Алиса» жəне «Сири» секілді дауыс көмекшілері қағидаты бойынша қолданушыларға цифрлік ассистент қызметін көрсететін болады», — деді «ҚазАвтоЖол» ҰК басқарма төрағасы Дархан Иманашев.
Жол бойы сервисті дамыту
Оның айтуынша, бүгінде республикалық автожолдардағы жол бойы сервис нысандарының 1 мың 421-ге жетті. 2023-2025 жылдар аралығында толық қызмет көрсететін 123 жаңа заманауи нысан іске қосылды. Биыл жеке инвестициялар есебінен қосымша 37 нысан ашу жоспарланған. Жолдардың бойында 176 модульдік санитарлықгигиеналық тораптар орнатылды, оның 108-і соңғы үш жылда пайдалануға берілді. Осы жылы 13 модульдік павильон орнатылмақ. Алдағы кезеңде жол бойы сервисін жаңа деңгейге көтеру көзделіп отыр. Бұл жұмыс республикалық маңызы бар автожолдарды салу жəне қайта жаңарту жобалары аясында жүргізіледі. Атап айтқанда, жүргізушілер мен жолаушыларға қолайлы жағдай жасау үшін көпфункционалды сервистік аймақтар кезең-кезеңімен құрылатын болады. Халықаралық жəне республикалық маңызы бар автожолдарды одан əрі дамыту жұмыстары Көлік министрлігінің ерекше бақылауында. Ұлттық оператор өз кезегінде жобаларды сапалы əрі белгіленген мерзімде жүзеге асыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдайтын болады.