Алматыда есірткіні жасырын қойып кетуші ұсталды, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Алматы қаласы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері заңсыз есірткі айналымына қатысы бар кезекті күдіктіні анықтап, ұстады. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 29 жастағы қала тұрғыны қолға түсті. Жеке тінту кезінде одан 25 орама тәркіленді.
Сот-химиялық сараптама қорытындысына сәйкес, алынған зат синтетикалық есірткі — мефедрон болып шықты. Тергеу барысында күдіктінің есірткіні жасырын жолмен таратумен айналысқаны анықталды. Оның айтуынша, заңсыз іске интернет арқылы тартылған, ал "қызметі" үшін ақы онлайн-аударымдар арқылы төленіп отырған. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта полицейлер қылмыстық тізбектің ұйымдастырушыларын және өзге де қатысы бар тұлғаларды анықтауға бағытталған жедел-іздестіру шараларын жалғастыруда.