Ұлттық экономика министрлігі жанындағы Сараптамалық кеңестің отырысында Қазақстанның экономикалық өсуінің жаңа проактивті саясаты қаралды. Үкіметтің басты мақсаты – 2029 жылға қарай елдегі ЖІӨ-ні екі есе арттырып, $450 млрд-қа дейін жеткізу, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов атап өткендей, бұл тұста әңгіме мемлекеттің бизнесті тек сүйемелдейтін модельден салалар мен жобаларды ұйымдастыруға белсенді қатысу моделіне көшуі туралы болып отыр.
«Біз Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур секілді өсудің рекордтық қарқынына қол жеткізген елдердің тәжірибесін зерттедік. Мұнда мемлекет өсу нүктелері мен стратегиялық бағыттарды 5-10 жыл ілгері анықтауға қатысқан екен», — деді ол.
Оның айтуынша, алға қойған мақсатты жүзеге асыру негізгі капиталға салынатын инвестицияны 2024 жылғы $41 млрд-тан 2029 жылы 103 млрд-қа дейін көбейтуді талап етеді. Осы кезеңде инвестицияның ЖІӨ-ге қатынасы 14%-дан 23%-ға дейін өсуі тиіс. Ал 2025-2029 жылдары инвестицияның жалпы көлемі шамамен 400 млрд болуы керек.
Экономикалық өсудің проактивті саясаты шеңберінде мемлекеттік құрылымдар жаңа функцияларға ие болады. Енді олар экспортқа бағдарланған ірі жобаларды сырттан тартып қана қоймай, оны құрылымдауды, қаржыландыруды және басқарушылық қолдауды қамтамасыз ете отырып, өздері ұйымдастырады. Осы саладағы мемлекеттік органдардың негізгі міндеті – экспортқа бағдарланған және өнімділігі жоғары жобаларды бірлесіп жүзеге асыру үшін жетекші шетелдік және отандық компанияларды тарту, сондай-ақ «Бәйтерек» холдингіне кіретін даму институттары арқылы қаржыландыру.
«Біз бизнестің орынын баспаймыз, керісінше онымен бірге жұмыс істейміз. Қосылған құнды кәсіпкерлер жасайды, прогрестің қозғаушы күші де солар болмақ. Ал біз отандық және шетелдік компанияларға олардың тәжірибесін, технологиясы мен капиталын тарту үшін жүгінеміз. Біздің инвестициялық дамудың негізгі бағыты саналатын – астықты терең және орташа өңдеу, металлургия, мұнай-химия сынды тағы да басқа салалардағы жетекші компаниялардан шетелдік чемпиондардың тізімін жасақтаймыз. Олармен қазақстандық жобаларға қатысуы үшін келіссөздерге бастама жасаймыз. Олардың салған инвестициясы, жасаған сараптамасы, сала мен технологияны бүге-шігесіне дейін білетін біліктілігі бізге осы жобаларды сәтті жүзеге асыруға мүмкіндік береді деп үміттенеміз», — деп атап өтті Арман Қасенов.
Вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жаңа модельде Investment Board – елдік ауқымдағы басым жобаларды айқындайтын және сүйемелдейтін инвестициялық қызмет негізгі мәнге ие болатынын атап өтті.
«Проактивті экономикалық өсудің жаңа саясаты дегенде біз терең сараптаманы қажет ететін ірі жобалар туралы айтып отырмыз. Даму бағыттарын бір құрылымға келтіріп, ірі жобаларды басқаруда жоғары құзыретке ие мамандардан тұратын инвестициялық қызметті, яғни Investment board құруды жоспарлап отырмыз. Олар анағұрлым тиімді даму жолын сілтеп, экономикамыздың бағыттары мен тиісті жобаларды айқындайтын болады», — деп түсіндірді Серік Жұманғарин.
Оның айтуынша, инвестиция тартудың бұрынғы жүйесі сақталады. Бірақ практивті саясаттың драйвері Investment Board болады.
Жиынға қатысқан сарапшылар экономикалық өсу саясатына байланысты ұсынылған тұжырымға қатысты көптеген ұсыныстар айтты. Атап айтқанда, жаңа құжат бұрынғыдан қалай ерекшеленетіні, Қазақстанда жаңа өндірістерді локализациялау деңгейі қаншалықты ұлғаятыны, қаражатты бөлу арналары қандай болатыны, белсенді экономикалық өсу мен тұтынушылық несиелендірудің инфляцияға әсері және тағы басқа мәселелер талқыланды.
ҰЭМ Қоғамдық кеңесінің төрағасы Эльдар Шамсутдинов экономикалық өсуді қамтамасыз ету және мемлекеттік индустриялық бағдарламаны жүзеге асыру туралы қызықты пікірталас болғанын атап өтті. Негізгі мәселенің бірі несиелендірумен кім айналысатыны туралы болды, яғни мұны мемлекет өзінің даму институттары немесе коммерциялық банктер арқылы жасайды. Оларға осы мақсатта қаражат бөлінеді.
Мұндағы логика мынадай сияқты: банктер арқылы несие беру инфляцияның сөзсіз өсуіне әкеледі. Өйткені банк жүйесі – инфляциялық процестерді жүзеге асырудың негізгі механизмі. Сөйте тұра, бүгінде ЖІӨ-нің өсуіне осы тұтынушылық несиелендіру елеулі үлес қосып отыр.
Одан бөлек, инвестициялық қызметті қалыптастыру жоспарлануда, оған приоритетті жобаларды айқындайтын қатысушылар кіреді. Мәселе қаржыландырудың нақты тетігін таңдауда болып тұр. Мұндай детальдар процесс барысында пысықталмақ.
Teniz Capital Investment Banking директорлар кеңесінің мүшесі Ғалым Құсайынов жаңа саясат Қазақстан экономикасының алдында тұрған заманауи сын-қатерлерге жауап беретінін және басты назар елдің ішкі инвестициялық әлеуетіне аударылатынын атап өтті.
«Бүгін біз ЖІӨ-нің $450 млрд-тық мақсатты деңгейіне қалай жетуге болатынын талқыладық. Инвестицияны молынан тартпай, оған қол жеткізу мүмкін емес. Сондықтан Ұлттық экономика министрлігінің мемлекеттің инвестициялық саясатқа анағұрлым белсенді қатысуға көшуі туралы ұсынысы дәлелді және уақтылы нәрсе», — деді ол.
Оның айтуынша, даму институттарын, соның ішінде бірінші кезекте «Бәйтерек» холдингін, осы жұмыстарға ауқымды түрде тарту мемлекеттен ел ішіндегі нақты салалар мен жобаларға капиталдың қозғалысын қамтамасыз ететін қаржы инфрақұрылымын құруға мүмкіндік береді. Бұл ретте шетелдік компанияларды капитал көздері ретінде ғана емес, құзыреттердің, технологиялар мен басқару практикаларының тасымалдаушылары ретінде де тарту маңызды.
«Ең бастысы, мемлекет бастамашылық ететін жобалардың түсінікті экономикалық моделі, іріктеу мен сүйемелдеудің ашық тетігі болуы тиіс. Сонда олар жеке капиталды халықаралық деңгейде де тарта алады. Онсыз өсім бюджеттік қаржыландыру шеңберімен шектеледі», — деп атап өтті сарапшы.
Ол сондай-ақ жаңа саясат жеке сектор мен банк жүйесінің рөлін нақты анықтауы керек екенін атап өтті. Әзірге инвестиция қалай бөлінеді және коммерциялық банктер бұл процеске қаншалықты белсенді қатысады деген сұрақ ашық күйінде қалып отыр. Бір жағынан, мемлекеттің тікелей қатысуы кепілдік пен жылдамдықты қамтамасыз етеді, екінші жағынан, жеке бастамаларды да ұмытпау үшін нарықтық тетіктерді сақтау маңызды.
Ғалым Құсайынов мемлекеттік және нарықтық құралдарды сауатты үйлестіре білу Қазақстанға артық инфляциядан аулақ бола отырып, экономикалық өсудің сапалы жаңа деңгейіне шығуға мүмкіндік беретінін айтты.