Өзін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілі ретінде таныстырып, ақша бопсалаған ақтөбелік ұсталды, - деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Ақтөбеде өзін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілі ретінде таныстырып, бизнес өкілдерінен ақша бопсалады деген күдікпен ер адам ұсталды. Қаскүнемді ұстау сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен облыстық полиция департаментінің үйлесімді әрекеттерінің нәтижесінде жүзеге асты. Тергеу барысында күдіктінің кәсіпкерлерге қоңырау шалып, оларды қылмыстық қудалаумен қорқытқаны және "мәселені шешу" үшін ірі көлемде ақша талап еткені белгілі болды. Ол қысым көрсету мақсатында жәбірленушілерге қатысты құпия мәліметтерді пайдаланған. Мәселен, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің біріндегі кадр бөлімінің басшысынан 5 миллион теңге талап еткен. Ұсталған сәтінде күдіктінің көлігінен 4 миллион теңге тәркіленді.
Қазіргі таңда бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабы (Бопсалау) бойынша іс қозғалды. Аталған бап бойынша 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Құқық қорғау органдары азаматтарды қырағылық танытуға шақырады. Егер осыған ұқсас жағдайға тап болсаңыз, бірден полицияға хабар беріңіз. Өтініш берушілердің анонимдігі мен қауіпсіздігі толық қамтамасыз етіледі.