Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу және вегетациялық кезеңді өткізу мәселелері қаралды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, сондай-ақ бірқатар өңір әкімдері баяндама жасады.
Ауыл шаруашылығы министрлігі келтірген дерек бойынша, 2025 жылы еліміздегі жалпы егіс алқабы 23,7 млн гектарды құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 413 мың гектарға артық. Ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру нәтижесінде екі жыл ішінде бидай алқабы 750 мың гектарға қысқарды, бұл ретте мал азықтық және майлы дақылдар алқабы 3,3 млн гектарға жеткізілді. Бұл ретте күнбағыс алқабы 1,4 млн гектарға, дәнді және бұршақты дақылдар 16,6 млн гектарға, мақта алаңы 135 мың гектарға жетеді.
Премьер-министр Түркістан және Жамбыл облыстарында шегірткеге қарсы күрес бойынша шаралар қабылдау қажеттігіне назар аударып, тиісті қорғау шараларын жүргізуді қамтамасыз етуді және жедел шаралар қабылдау үшін ведомствоаралық үйлестіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Олжас Бектенов ұлттық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен аграрлық сектордың экспорттық әлеуетін нығайту, оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді ынталандыру басым бағыттар екенін атап өтті.
«Үкімет ауыл шаруашылығы жұмыстарын қаржыландыру мен материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шараларды қабылдады. Осы кезеңде жоспарланған іс-шаралардың тиімді әрі үйлесімді іске асырылуын қамтамасыз ету өте маңызды. Егіс науқаны белгіленген мерзімдерде аяқталуы керек. Мемлекет басшысы атап өткендей, диқандар ішкі және сыртқы нарықта тұрақты сұранысы байқалатын дақылдардың егіс алқаптарын ұлғайту қажет, сондай-ақ осындай бағыттарда мемлекеттік қолдауға басымдық берілуі тиіс. Егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру бойынша бекітілген жоспарлар іске асырылуы қажет», — деп атап өтті Премьер-министр.
Биыл мемлекеттік қолдау көлемі едәуір ұлғайды. Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге 700 млрд теңге, жеңілдетілген лизинг бағдарламаларына 200 млрд теңге бөлінді.
Олжас Бектенов әкімдіктерге бюджет қаражатының мақсатты және ұтымды пайдаға асуына тұрақты мониторингті жүргізуді тапсырды. Бұл ретте қаржыландыру тек қана тиімді әрі адал өндірушілерге берілуі тиіс.
Премьер-министр ішкі нарықты тыңайтқыштармен басым тәртіппен қамтамасыз ету мақсатында отандық өндірушілерді ынталандыру шараларын қабылдауды тапсыра отырып, тыңайтқыштарды салу көлемі әлі де болса, ғылыми дәлелденген қажеттіліктен анағұрлым аз болып отырғаны туралы мәселе көтерді. Өнеркәсіп және құрылыс, Ауыл шаруашылығы министрліктеріне диқандарды жеткілікті көлемде қолжетімді тыңайтқыштармен қамтамасыз ету бойынша тиісті жұмысты үйлестіру тапсырылды.
Ауыл шаруашылығы техникасының жұмысқа әзір болу мәселесіне назар аударылды. Лизингтік бағдарламаларды іске асыруға бөлінген қаражат тиімді, атаулы әрі ашық пайдаланылуы тиіс.
Олжас Бектенов жеңілдетілген ЖЖМ-ді мақсатсыз пайдалану фактілеріне жол бермеу және белгіленген көлемде дизель отынымен үздіксіз қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты әкімдікке жүйелі мониторингіні қамтамасыз етіп, жеңілдетілген дизель отынының жөнелтілген және қалған көлемі туралы жаңартылған ақпаратты апта сайын Энергетика министрлігіне ұсынуды тапсырылды. Бүгінгі таңда шамамен 220 мың тонна отын жөнелтілді.
Сонымен қатар Премьер-министр өтінімдерді қарау рәсімдерін оңтайландыруды және диқандарды барынша қамти отырып, жеңілдетілген қаржыландыруды ашық ұсынудың маңыздылығын атап өтті. Ауыл шаруашылығы министрлігіне «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп рәсімдерді оңтайландыру тапсырылды.
Аграрлық секторды цифрландыру жұмыстары жүргізілуде. Үкімет егіс алқаптарын мониторингтеу үшін дрондар сатып алуға қаражат бөлді. Олжас Бектенов Ауыл шаруашылығы, Су ресурстары, сондай-ақ Цифрлық даму министрліктері ауыл шаруашылығы дақылдарына мониторинг жүргізуді, тәуекелдерді ерте анықтауға бағытталған цифрлық құралдарды енгізуді оның ішінде отандық технологиялық шешімдер мен стартаптарды ынталандырып, жұмысты жандандыруды тапсырды.
Премьер-министр климаттық сын-қатерлердің күшеюі мен қолжетімді су қорларының қысқаруы жағдайында диқандарды қажетті су ресурстарымен қамтамасыз етуге жүйелі тәсіл қажеттігіне назар аударды. Вегетациялық кезеңнің сәтті өтуі ерекше өзектілікке ие болып отыр. Бұл мәселені шешу жүйелі тәсілді қажет етеді.
Осыған байланысты ылғалды көп талап ететін дақылдарға тәуелділікті азайту шараларын қабылдау, ғылыми институттарды жұмылдыра отырып, фермерлердің құрғақшылыққа төзімді агротехнологияларға көшуі бойынша жер-жерде түсіндіру жұмыстарын жандандыру керек. Су ресурстары және ирригация министрлігі Қаржы министрлігімен және облыс әкімдіктерімен бірлесіп, ауыл шаруашылығында су үнемдейтін технологияларды енгізу жұмысын жандандыруы тиіс. Су тапшылығы қаупі жоғары өңірлерді басым тәртіппен қаржыландыруды көздеу және диқандардың тамшылатып және жаңбырлатып суаруға көшуін ынталандыру жөніндегі шаралар кешенін іске асыру тапсырылды.
Олжас Бектенов ауа райының ықтимал қолайсыз болуы болашақ егіннің сапасы мен көлеміне әсер етпеуі керектігін баса айтты. Жедел әрекет ету үшін Экология және табиғи ресурстар министрлігіне метеоболжамдарды уақтылы ұсынуды қамтамасыз ету тапсырылды.
Премьер-министр Ауыл шаруашылығы министрлігі облыс әкімдіктерімен бірлесіп, көктемгі егіс жұмыстарының, оның ішінде Үкімет жанындағы Жедел штаб шеңберінде сапалы жүргізілуіне бақылауды қамтамасыз етуі қажет екенін атап өтті.